Лайықты өнер көрсеттім: Данэлия Төлешова елге оралды

1216
“Евровидение” байқауына қатысқан Данэлия Төлешова елге оралды. Бүгін, 27 қараша күні, ол Минскіден Алматыға ұшып келді. Бұл туралы Ardak.kz ақпараттық агенттігі «Хабар-24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, Қазақстан биыл алғаш рет “Балалар Евровидениесі” байқауына қатысты. Жерлесіміз Данэлия Төлешова сайыста алтыншы орынды иеленді. Ол онлайн дауыс беру бойынша үшінші орынға шыққан.

Қазақстандық жас таланттың вокалдық қабілетін миллиондаған тыңдармандар бағалады. Данэлия байқау кезінде “Өзіңе сен” атты әнін орындады.

Данэлия Минскіде өткен бұл байқаудан кейін өзіне сенімді бола түскенін айтады. Әлемнің 20 елінен келген таланттар қатысқан еуропалық байқауға қатысудың өзі – алда үлкен жетістіктерге жетелейтін керемет бастама.

“Лайықты өнер көрсеттім деп ойлаймын, оған күмәнім жоқ. Елдің барлығы менің қаншалықты талантты екенімді, ән айтқым келетінін түсінді деген сенімдемін. Мен үшін көпшілік дауыс берді, соның арқасында үшінші орынға шықтым. Бұл да мәртебелі орын. Соның арқасында үздік ондыққа кірдім. Мен үшін дауыс бергендерге алғысым шексіз”, – дейді Данэлия.

“Біздің тарапымыздан үлкен жұмыс атқарылды. Данэлия өзін жоғары деңгейде көрсетті. Номерді қойған Алексейдің арқасында”, – дейді Данэлияның анасы Елена Төлешова.