Лотерея «алаяқтарынан» құтылатын болдық, ал «интернет әулиелерді» қайтеміз?

900
«Ұлттық лотерея операторынан лицензия алмай, инстаграмда үйін, көлігін ұтысқа тіккен азаматтар енді жазаланады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК, шағын бизнес субьектілер мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін 700 АЕК, орта бизнес үшін 1000 АЕК,  ірі бизнес үшін 2000 АЕК». Бұл Мәдениет және спорт министр Ақтоты Райымқұлованың сөзі.
Бүгін Мәжіліс отырысында «Қазақстандағы лотереялар және лотереялар қызметі» туралы Заң жобасы, дәлірек айтсақ, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқы болды. Министр Ақтоты Райымқұлова жұмыс тобы дайындаған заң жобасын оқып, таныстырды. Депутаттар сұрақ қойып, азды-кем пікір алмасты. Аяғында Заң жобасы мақұлданды.
Ол бойынша, лотерея операторынан басқа жарнамаларда «лотерея» сөзін қолдануға, ұлттық лотерея операторынан арнайы лицензия алмай, әлеуметтік желілерде ұтыс тігіп, лотерея ойнатуға тыйым салынады. Ал лотерея қызметін реттеу құзыреті Мәдениет және спорт министрлігіне беріледі. Олар лотерея өткізудің тәртібі мен талабын жасайды.
Бізде лотерея қызметі туралы арнайы заң 2016 жылы қабылданыпты. «ҚР лотереялар және лотереялар қызметі туралы» Заң. Ал Ұлттық лотерея операторы болып «Сәтті жұлдыз» АҚ бекітілген. 2017 жылы. Ол  лотерея билеттерін сатуға, ұтыстарды төлеуге, бюджетке салық төлеуге, спортты дамыту үшін арнайы төлемдер жасауға т.б. міндетті. Заңға сай, жаңағы оператор тоқсан сайын спортты дамытуға арнайы қаржы бөліп отырады-мыс. 15 пайыз. Қазірге дейін 376 миллион теңге бөліпті. Және 421,7 миллион теңге төлеуге міндетті екен. Бұл қаражат Ұлттық Олимпиада комитетіне бөлінген. Яғни, олимпиадалық спортты қолдауға арналған. Бұл да министрдің мәліметі. Қысқаша осы. Енді тарқатып жазайық.
Соңғы уақта әлеуметтік желілерде бас-басына бәйге беріп, қос-қостан көлік тігіп, лотерея ойнататын жыртық қалта, жарымбай, «жарылқағыштар» қаптап кеткені тегі рас. Әсіресе, есімдері елге мәшһүр эстраданың әншілері бір-бірімен бәйгелесіп жатқандай көрінеді. Есім-сойлары елге танымал әншілердің «беремін» дегендері де көз арбайды, көңіл аулайды. Көлік, үй, қомақты қаражат…
«Бес  теңгеге билет ал да, көлік ұт» деп бастайды. Әлгі әйнектей әйбәт көліктерді қаз-қатар тізіп қойып, «осының біреуін сен ұтуың бек мүмкін» дейді. Бәрі солай дейді. Бір сценарий. Бір текст. Құдды бір-бірінің мәтінін сұрап оқып жатқандай…
Картинки по запросу "нұрлан еспанов лотерея"
Еспанов: Мен жай ғана амбассадорымын
Нұрлан Еспанов дейтін әнші бақандай 20 көлікті ұтысқа тігетінін айтып, жарияға жар салды. «Паһ!» дедік. Еспанов жиырма көлікпен жұртты жарылқайтын бопты-ау, дедік тағы. «Бұл неғылған батпанқұйрық, айдалада жатқан құйрық» деуші ме еді?!.
«Лотерея – лохотрон». Оны есі дұрыс елдің бәрі біледі. Еспановқа да ел өкпесін айтты. Мұнысы алаяқтық деп айыптағандар да болды. Әуелде әйдік әншілер арасында лотерея науқаны қызған үстіне қыза түскен тұста белгілі журналист Арман Сқабылұлы әлеуметтік желіде жұлдыздар өткізіп жатқан лотерея дегеннің заңсыз екенін жазып, дабыл қақты.
Кейін жаңағы Еспанов өзіне сын айтқан Арман Сқабылұлына өкпесін білдіріп, «лотерея ойнатып, Арыс халқына қайырымдылық жасадым» деп сөйледі.
«Біздің танымал түріміз болғандықтан компанияның тарапынан осы өнімді жарнамалап беріңізші деп ұсыныс айтады. Бұл жеке меншік лотереям емес. Үлкен автоорталықтың құзырындағы жұмыс. Мен жай ғана амбассадорымын. Соны түсініп алу керек. Нұреке, лотерея ұйымдастырып бергеніңіз үшін үш жарым миллион теңге берейін деді. Сол кезде білесіздер, Арыста жарылыс болды. Мен Арыстың азаматымын. Бұл қаржыны маған бермей-ақ қой, қайырымдылық ретінде Арысқа апарып берші дедім. Содан қаланың бір білім ошағына барып, 114 балаға мектеп формасын алып беріпті. Ол жерден мен бір тиын да алған жоқпын», деді Еспанов.
Картинки по запросу "айнұр тұрсынбаева"
Айтыскер Айнұр Тұрсынбаева 7 мың теңгеге кітап сатып, құны 100 миллионға бағаланған Астанадағы пентхаусын ұтысқа тікті. Бүркіт пен Айша дейтін дует екі пәтер, бес көлік тікті. Әнші Алмас Кішкенбаев та Елордадағы екі бөлмелі пәтерін бәйгіге атады. Роза Әлқожа, Қайрат Әділгерей, Қанат Әлжаппаров, Жігет Аупбаев, Дана Кентай, Бағлан Әбдірайымов  т.с.с. Әлеуметтік желіде бәйге ұйымдастырушыларды бүгін санап бітпеспіз…
Картинки по запросу "алик малик шарик"
Көшедегі көптің бірі емес, көп-көрім елге танымал адамның аузындағы ақпарға жұрт сенеді. Сенген соң сатып алады. Біреу емес, тағы. Қос-қостан алады. Өйткені, жаңағы жарылқағыш «жақсы адам» «көбірек билет алсаң, көлік ұту мүмкіндігің де көбейеді» деп сендіреді ғой. Факт! Жұрттың тұрмыс-тіршілігі төмендеп, экономика шатқаяқтап, шаруасы тоқыраған сайын ел-халықтың қалтасына көз тігушілер көбейе береді. 90-жылдары да солай болған. Қазір де солай. Сол тоқыру кезіндегі «алик-малик-шарикшілер» мен бүгінгі лотерея ойнатушылардың парқын пайымдай беріңіз. Формасы бөлек демесеңіз, функциясы бір.
Картинки по запросу "арман сқабылұлы"
«Абайлаңыз, алаяқ лоторея!»
Әлеужелідегі әншілердің әлгі әккі тірлігін әшкерелеп, дабыл қаққан журналист Арман Сқабылұлы еді. «Абайлаңыз, алаяқ лотерея!», деді. Арман Сқабылұлының бұл пікірін «Abai.kz» порталында жарияладық.
«Қазір әлеуметтік желіде «лотерея ойнату» деген бәле қатты белең алды. «Он мың теңгеге билет алсаң автомобиль ұтасың, екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстатамыз» деген жарнамадан көз сүрінеді. Еспанов деген әнші тіпті 20 көлікті ұтысқа қойыпты. Жалпы құны 61 миллион теңге! Бұл не деген «батпан құйрық!» Біздің білуімізше Қазақстанда лотерея ойнатуға жалғыз ғана оператор компанияның қақысы бар. Мемлекет соған ғана лицензия, рұқсат берген. Қалғандарынікі заңсыз. Халықты алдау. Заңды белден басу. Заңды бұзғандар онда неге жазаланбайды? Салық төлемей миллиондарды қалтаға басқандарға тиісті органдар неге көз жұмады?», деп жазды журналист Арман Сқабылұлы.
Картинки по запросу "берік дүйсембинов"
Әлеуметтік желіде ойнатылып жатқан лотереялар — заңсыз!
Ал Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов мырза әлеужелідегі әншілер өткізіп жатқан лотереялардың заңсыз екенін ескертіп, арнайы заң жобасы әзірленіп жатқанын айтқан. Бұл пікір де «Abai.kz» порталында жарияланды.
«Лотерея бизнесі — экономиканың үлкен бір саласы. Ол ашық түрде өтуі керек. Және оның өзіндік ережесі болады. Сондықтан бізде 2016 жылы «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заң қабылданған. Ал, қазір біз сол Заңға өзгертулер енгізуді қарастырып жатырмыз. Мен сол комиссияның мүшесімін.
Әлеуметтік желіде ойнатылып жатқан нәрселерді ешкім білмейді. Оны жеке адам өзі жариялап, ойнатып жатады. Бұл — заңсыз дүние. Осындай заңсыздыққа тосқауыл қою үшін де осы Заң жобасы талқыланып жатыр.
Әрине, қазіргі әлеуметтік желінің қоғамға ықпалы зор ғой. Танымал адамдар өздерінің танымалдығын пайдаланып, ұтыстар өткізіп жатады. Бірақ, олар ұтыстың ашықтығы, әділдігі деген нәрсеге жауап бере алмайды. Сондықтан, оларға ортақ бір ереже болу керек.
Тағы бір айта кетерлігі — лотерея саласында «Сәтті жұлдыз» деп бір операторды белгіледік қой. Қазір, ол оператор үш мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ, бір мәселе — ол компания Қазақстанда жалғыз болмауы керек. Ол монополия болмау керек», деген еді.
Түйін. «Айламен тапқан мал арам» екенін жаңағы «жарылқағыштар» білмейді деймісіз. Біледі. Біле тұра ойнатады. Әрине, ұтысты ұйымдастырушылардың ұпайы түгел болған соң, сөйтеді де. 5-10 мыңнан билет сатқанда, әлгі ұтысқа тіккен дүниесінің екі есе құнын шығарып алады. Сондықтан да, олар үшін лотерея тиімді!
Шәкәрім қажы:
Надандықпен қарнымыз тоқ демелік!
Біз білмеген еш ақыл жоқ демелік!
«Айланы ақыл, арсыздық әдеп қой» деп,
Арамды алал, асылды боқ демелік!, дейді. Әй, бірақ, мұны ұққан әнші болса, айтылмаған сөз емес қой…
Картинки по запросу "нурлан нигматулин"
Нығматулин: Жазаны күшейту керек
Мақұл, бүгін Заң Мәжілісте мақұлданды. Мақұлданды деген — Заң жобасы күшіне енді деген сөз емес. Тек Мәжілістің талқысынан өтті. Әрісі тағы бар. Бірақ факт — әлеуметтік желілерде үйін, көлігін ұтысқа тіккен азаматтар енді жазаланады. Жазаланады демекші, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин лотерея «алаяқтарына» жазаны күшейтуді талап қылыпты.
«Бұрынғы заманның диқаншыларының есінде шығар, егін орып болған соң, шаруа қожалынығың жетекшісі шаруалардың арасында «приз» тарататын. Ал қазір басқа амал ойлап тапқан: ескі автокөлікті алып, ойнатады. Оны базарға алып барсаң, бір ай емес, бір жыл сатасың. Ал оның жарасы қазір жеңілдеді, жасырын түрде лотерея ойнатады, ал мына норма жылына бір рет ойнатып тұруға мүмкіндік беріп тұр, өйткені, тек ескертумен құтылады.
Ұсталған автокөлікті ұтысқа қойып, ойнату – формасы жағынан да, мәні бойынша да лотерея болып отыр. Біз заң бұзған адамдарды неге тек ескертумен бостауымыз керек? Түсінемін, гуманизация бағытында да жүрген дұрыс. Бірақ, олар бір жыл ішінде тағы қайталамасын деп, күтуіміз керек. Сондықтан, екінші оқылымға дейін оларды жазалауды күшейтуді ақылдасайық», — деді Нұрлан Нығматулин.
Солай! Министр ұсынған жоба 200-ден 2000 АЕК айыппұл салу керек десе, Мәжіліс спикері жазаны одан әрі күшейту керек дейді. Мақұл. Осылайша лотерея «алаяқтарынан» құтылатын болдық, ал «интернет әулиелерін» қайтеміз?
(Бұл суреттер Google архивінен алынды. Семинарлардың уақыты өтіп кеткен болуы мүмкін)
Қазір әлеуметтік желілерде «Пәленшенің семинар-тренингі», «Түгленгешің мастер-классы» дейтін жарнамалар қаптап жүр. Ақыл сатып, ақша жасаудың тағы бір жолы бұл. Мотивациялық, психологиялық тренингтер, кәсіп бастаудың кілті, пәлен-пыштан, тегі көп. Қысқасы сізге қалай өмір сүруді үйретеді. Құрыдан-құр сөйлесін бе, бес-он теңге ақысын төлесең ғана тренинг тыңдайсыз. Барған соң, сарт-сауанның салтымен кітабын немесе басқа бір дүниесін сізге қолтықтатып жібереді. Тегін бермейді. Сатып аласыз. Аузыңыз аңқайып отырып, әлгісін сатып алғаныңызды өзіңіз де байқамай қаласыз. Қулығына құрық бойламайтын мұндай «интернет әулиелер» қазір әлгі тренинг-семинарларын онлайн өткізе беретін болған. Банк картасына сұраған сомасын аударасыз. Сосын видео-насихатын жүктеп алып, тыңдай беріңіз… Пәлі, данышпан дерсіз! Ең маңыздысы, мынау семинаршылар да жаңағы лотерея «алаяқтары» секілді семинары үшін бюджеттке көк тиын салық төлемейді екен.
Бір мәселе, семинарға қарсы емеспіз. Ақылың асып бара жатса, айта ғой. Тек Заңды бұзба! Халықты алдама! Халықтың қалтасына қол салма! Болды!
Өркениетті елдерде де мұндай «ақылмандар» бар. Тек олар Заңды тіркеліп, лицензиясын алады. Тапқан табысының белгілі бір мөлшерін бюджетке салық ретінде төлейді. Ең бастысы лицензиясы бар адам! Сосын семинарын өте береді. Бізде де солай болуы керек. Заңды тіркелген ұйым (мейлі ол жеке-меншік болсын). Семинарын өтеді. Салығын төлейді. Ал қазіргі қаптап жүрген тренингшілердің қайсібірінің сұрауы бар?..
Гәп осында! Заң барлығына ортақ болса, халықтың қалтасынан қарын тойдырып жүрген сөзуар семинаршылардың, бизнесі жоқ бизесмотиваторлардың қызметін Заңмен реттеу керек! Ашқұрсақ халықты алдау оңай. Ашындыру да!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz