МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА АСФАЛЬТ-БЕТОН ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

947
Мақтаарал ауданында индустриалды аймақ мен логистикалық орталық жұмыс істейді. Қазіргі таңда Германиядан әкелінген технологиямен «Soldatos» ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты өз жұмысын бастады. Өндіріс орны тәулігіне 1000 тонна асфальт-бетон өнімдерін өндіре алады. Құны 300 миллион теңгені құрайтын зауыт 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.
«Бұған дейін біз ішкі көшелерді жөндеуге қажетті асфальт өнімдерін Сарыағаш ауданынан алдырып келдік. Бұл жолдың ұзақтығы үшін асфальт бағасын қымбаттатса, екінші жағынан сапасын нашарлататын. Өйткені, асфальт балқыған күйінде төселуі тиіс. Міне, жаңа өндіріс ошағын ашу арқылы Мақтаарал және Жетісай ауданын асфальт-бетон өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз» — деді Бақыт Насырханұлы.
Аймақ басшысының айтуынша, Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 5,8 млрд. теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 6,5 млрд. теңгеге жетті. Ал былтыр өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 4,5 млрд. теңгеге жетсе, биыл 5 млрд. теңгені құраған.
Қазіргі таңда ауданда «Asi Metall Grup LTD» ЖШС-ң темірді қайта өңдеу өндірісі зауытының құрылысы жүріп жатыр. Өндіріс орны жылына 3 мың тонна темірді қайта өңдей алады. 100 миллион теңгенің құнын құрайтын зауыт 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Сонымен қатар, Мақтаарал ауданында 2018-2019 жылдарда Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасынан тыс іске асатын 3 жоба бар. Олар «GREEN CROOS ECO» ЖШС-нің медициналық-фармацевтикалық заттар өндірісі. 2019-2021 жыл аралығында іске асырылатын жоба жылына 10 мың дана өнім шығара алады. Құны 300 миллион теңгені құрайтын өндіріс орны іске қосылғаннан соң 35 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын болады.
«Мегагорстрой» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы және «Бақтияров» ЖК-нің автопаркинг қызметі. Құны 352,8 миллион теңгені құрайтын қойма 1000 тонна өнімді сыйдыра алады. Сондай-ақ, жоба іске қосылғанда 28 адам жұмыс орнымен қамтылмақ.
Мақтаарал ауданының логистикалық орталығында жүзеге асып жатқан тағы бір жоба — «Бақтияров» ЖК-ның авто тұрақжайы, қонақ үй және қызмет көрсету орталығы. Жобаға 250 миллион теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, 25 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі