Мектеп формасы, тегін тамақтану және гранттар: Астанадағы көпбалалы отбасыларға қандай көмек көрсетіледі

1512
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуге арналған шараларды атады, — деп хабарлайды «Елорда Инфо» порталы.
«Азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру — елорданың барлық мемлекеттік органдарының міндеті. Сондықтан бізге Астана қаласы әкімдігінің халықты әлеуметтік қолдау шараларын күшейту жөніндегі кешенді жоспарын бірлесіп әзірлеу қажет», — деді Астана әкімі.
1. Аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үй көмегі орташа есеппен 18 пайызға артты. 2 мың отбасы коммуналдық қызметтерін төлеуге көмек алады (34 миллион теңге).
2. 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды күтушілер тегін жолақысымен қамтамасыз етіледі (1,3 миллиард теңге).
3. Үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек 25 мың теңгеге дейін (6,5 АЕК-тен 10 АЕК) өсті (23 миллион теңге).
4. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тегін техникалық және кәсіби білім алуға қолдау көрсетіледі (2986 адамға 1,5 миллиард теңге бөлінді).
5. Бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертифакатын беру үшін 2 миллиард теңге қарастырылды.
6. Көпбалалы отбасыларының балаларына, оның ішінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне тегін жол ақысы беріледі. Бұл көмекті 36 мың адам алады. Осы қолдауға бюджеттен 208 миллион теңге қарастырамыз;
7. 1-11 сыныптарда оқитын көпбалалы отбасыларының балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Осы санаттағы 32 мың балаға 971 миллион теңге бөлінеді;
8. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына, жетім балаларға арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады (10 мың балаға 500 миллион теңге бөлінеді);
9. Осы санаттағы отбасы балалары мектеп формасымен және қажетті оқу құралдарымен тегін қамтамасыз етіледі (32 мың балаға 638 миллион теңге бөлінеді);
10. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары, сондай-ақ, мүгедек балалар балабақшада тегін баруына қолдау көрсетіледі. Осы арқылы ата-аналардың жұмысқа тұруына, отбасының табысын арттыруына жағдай жасалады. Бюджетте 3,8 мың баланы қамту үшін 513 миллион теңге қарастыру көзделген;
11. Көпбалалы отбасынан шыққан 180 балаға елордалық жоғары оқу орнында танымал мамандықтар бойынша білім алуға арнайы гранттар беріледі (25 миллион теңге, жылына 500 мың теңге);
12. Көпбалалы аналарға тіс дәрігерінің қызметі (санация, протездеу)  тегін ұсынылатын болады. Бұл көмекпен 10 мың адам қамтылып, 404 миллион теңге бөлінеді;
13. Бюджет нақтыланғаннан кейін көпбалалы отбасылар қатты отын алу үшін әлеуметтік көмек алушылар санатына қосылады (1000 отбасына 26,3 миллион теңге бөлінеді)