Мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмек тұрғындарға жетуі тиіс — Өмірзақ Шөкеев

1094
Түркістан облысында әлеуметтік көмектің тұрғындарға жетуі қадағаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен облыс аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйі туралы аппарат мәжілісі өтті. Жиында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов өрт қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстармен таныстырды.
Оның айтуынша, 2018-2019 жылғы жылыту маусымы басталғалы департамент қызметкерлері 76 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 302 мыңға жуық адамға улы газдан қорғану, өрт қауіпсіздігін сақтау жолдары бойынша нұсқаулықтар берген. Қаңтар айынан бастап әр сенбі облыс аумағында «Тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі күні» деп белгіленіп, департамент гарнизонының барлық жеке құрамы қала, ауыл, елдімекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бүгінде Түркістан облысында 22 105 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, қатты отынмен жылытылатын үйлер саны — 178711.  Ал 15140 үй сұйық отынмен, 142415 үй табиғи газбен жабдықталған. Қазіргі таңда өңірдегі үйлерге табиғи және улы газдың иісін анықтайтын газ-дабыл құрылғысын орнату жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, тұрғындар көп шоғырланатын әлеуметтік және мәдени нысандардың қауіпсіздігі де қайта тексерілуі керек. Департамент басшысы облыста су тасқыны қаупі жоқ екенін және бұл мәселе бақылауда екенін мәлімдеді.
Өмірзақ Шөкеев жауапты басшыларға газ және өрт қауіпсіздігі жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма берді.
«Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Әр ауданның әкімі және тиісті сала басшылары өздері басқаратын аумақтағы тұрғын үйлерді тексерсін. Өртке қарсы және газдан уланудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігіне мән бергендері жөн. Егер өртке қатысты жазатайым оқиға болса және қауіпсіздікке қатысты жұмыстар дұрыс атқарылмағаны анықталса, сол басшылар жауапкершілікке тартылады», — деді өңір басшысы.

Мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмек тұрғындарға жетуі тиіс - Өмірзақ Шөкеев

Жиында өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, бүгінде облыс аумағында әлеуметтік шиеленіс жағдайларының алдын-алу мақсатында БАҚ-та жарияланған сыни материалдар, азаматтардың жазбаша арыз-шағымдары мен социологиялық зерттеулер нәтижесімен анықталған мәселелер тұрақты түрде талданып тұрады. Әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында облыста дағдарысқа қарсы штаб құрылған. 2018 жылы штабтың 6 отырысы өтіп, 11 мәселе оң шешімін тапқан. Басқарма тарапынан қоғамдық тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев аудан әкімдері мен басқарма басшылары елді толғандырған әрбір мәселені тұрақты бақылауға алып, тұрғындардың талап-тілегін назарда ұстау керектігін айтты.
«Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының съезінде ел тұрмысын, әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік салаға көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан, әртүрлі деңгейдегі әкімдер өздері қызмет ететін аумақтағы тұрғындарға осы көмектің сапалы жетуіне тікелей жауапты. Осы бастамалар мен мемлекет тарапынан берілетін көмектердің мәнін облыс тұрғындарына жеткізу және түсіндіру жұмыстары атқарылсын», — деген облыс әкімі тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.