Мемлекеттік кірістер комитеті «Қапланбек» кеден бекетіндегі жағдайға алаңдаулы

52
ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысындағы «Қапланбек» кеден бекетінде бірқатар кемшіліктерді анықтады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің мемлекеттік жергілікті басқару органдарының басшыларымен және Өзбекстанға ағаш экспорттаумен айналысатын тасымалдаушылармен жұмыс кездесуі Түркістан облысының «Қапланбек» кеден бекетінің аумағында өтті.
Жиында бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тасымалдаушылардың наразылығына қатысты, нақтырақ айтқанда көліктердің тұрақтарда ұзақ тұруы, кеден органдарының іс-әрекеттеріне қатысты мәселелер талқыланды.
«Қапланбек» кеден бекетінің аумағында жұмыс істейтін жеке автотұрақты тексеру кезінде онда қажетті инфрақұрылым, тамақтану пункттері, тұру және автокөліктерге қызмет көрсету станциялары жоқ екендігі анықталды.
Тасымалдаушылармен әңгімелесу кезінде автокөліктердің тоқтап қалуының нақты себептері көбіне көлік иелерінң тауар тасымалдау құжаттарының болмауынан, автокөліктердің автотұрақтан шығу кезіндегі қозғалыстың дұрыс ұйымдастырылмағаны белгілі болды.
«Жібек жолы», «Атамекен», «Б.Қонысбаев», «Қазығұрт» өткізу бекеттерінде де осыған ұқсас мәселелер бар.
Кездесудің қорытындысы бойынша, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру, соның ішінде кедендік рәсімдерді жеделдету бойынша жедел шараларды қабылдау тапсырылды. Заңсыз кәсіпкерлік қызмет үшін автотұрақтарға қатысты тексеру жұмыстары жүргізілмек.
Өз кезегінде, Түркістан облысының әкімдігіне көлік тұрақтарын ұйымдастыру, керекті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жасау бойынша ұсыныстар берілді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз