«Конкурстық комиссия болмайды»: мемлекеттік сатып алуларды өткізу тәртібі өзгереді

718

Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алулар порталы жеңімпазды ұпай саны, баға мен сапа көрсеткіштерін ескере отырып анықтайды

Қаржы министрлігі арнайы заң арқылы мемлекеттік сатып алуларды толығымен автоматтандыруды көздеп отыр. Тендер кезінде конкурстық комиссиялар болмайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметовтың пікірінше, мемлекеттік сатып алулар саласында тауар мен қызметті жеткізуші компанияны таңдау кезінде адам факторын толығымен жою қажет. Сонда сыбайлас жемқорлық болмайды.

«Осыған байланысты біз мемлекеттік сатып алулардың жаңа тәсілін пысықтап жатырмыз. Онда рейтингтік-балдық жүйе қолданылады. Бұндай сатып алуларға адам мүлдем араласпайды. Конкурстық комиссия да болмайды», — деді Ахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік сатып алулар порталында тауар мен қызметті жеткізушілердің рейтингін енгізу ұсынылып отыр. Мәселен, еңбек тәжірибесі, қаржылық тұрақтылығы, кепілдік мерзімі және тағы басқа көрсеткіштер үшін ұпай беріледі. Ал қарыз бен айыппұлдар болса, теріс ұпай жазылады. Соның негізінде рейтинг жасалады.

«Осылайша, мемлекеттік сатып алулар порталы ұпай саны, баға мен сапа көрсеткіштерін ескере отырып, жеңімпазды анықтайды. Ондай тәжірибе Оңтүстік Кореяда бар. Ол әлем бойынша мемлекеттік сатып алулардың электронды жүйесі жағынан көшбасшы елдердің қатарына кіреді», — деп түсіндірді Ахметов. 

Департамент директоры парламент мәжілісінде мемлекеттік сатып алулар мәселелеріне арналған заң жобасы жатқанын да жеткізді. Барлық өзгеріс осы құжаттың аясында қолға алынады.