Мемсыйлықтың «мазағы»

1018
Дәл қазір қазақ әдебиетін әдеби сыйлықтың әлегі билеп тұр деуге болады.   Бағасы кезінде 50 мың АҚШ доллары болып бекітілген Мемсыйлықтың жыры әлі таусылар емес. Кезінде  осы Мемсыйлыққа байланысты  тірілер мен өлілерді жарыстырып, Жұмекен мен Шәмші марқұмдардың көріне дейін шулаттық. Қытайдағы Қажығұмар ақсақалға «Мемсыйлық бермейді екен, онда өзіміз соған пара-пар сыйлық тағайындаймыз» деп біразымыз дүрліккеніміз де есте. Осындай түрлі әңгіме неден қоздап, неден шығып жатыр? Әрине, сыйлықтан. Жұрттың бәрі Нобель сыйлығынан бас тартқан Лев Толстой деймісіз? Болмаса, Мемсыйлыққа өмірі иек артып көрмеген Мұхтар Шаханов сынды кісілік таныту да екінің бірінің қолынан келер ме?
 Жазушылар неге сыйлыққа құмартады? Ол біз айтпасақ та түсінікті. Сыйлығың бар ма, онда сен –  таланттысың. Жоқ па –  талантсызсың. Қаймана жұрт тұрмақ, қалам ұстағандардың өзі қазір осылай ойлайды. Осылай ойлауға, ойлануға мәжбүр. Себебі «сыйлық» деген ауру етімізге еніп, сүйегімізге сіңіп кеткен. Ол аурудан әл-әзір құтылмайды екенбіз, онда оның емін іздейік.
Ондай ем бар. Ол –  әдеби сыйлықтың санын көбейту. Біздегі әдебиет саласындағы сыйлықты санасаңыз, бес саусақты бүгуге де келмейді екен. Жастарға берілетін «Серпер» мен «Дарын», аты бар да заты жоқ «Алтын қалам», «Алаш», сосын Мемсыйлық. «Тарлан» сыйлығы тиынның жоқтығынан тоқтап қалды. Бұрын Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали сынды бірнеше мықтылардың атындағы сыйлықтары болатын. Оның бірі де қалмаған. Ал енді алыс шет елдерді айтпағанда, көршіміз Ресейді алайық. Оларда әдеби сыйлықтардан аяқ алып жүре алмайсыз. Санамалайық. «Антибукер», «Орыс Букері», «Ясная Поляна» Пушкин, Лермонтов, Ахматова, Блок, Бунин, Белый, Бажова, Есенин, Валентин Пикуль, Мамин-Сибиряк, Юлаева, Беляев, Фадеев, Жуковский, Грин, Солженицын, Бугров, Ефремов сынды сандаған марғасқалардың атында жалпы саны 335 (үш жүз отыз бес) әдеби сыйлық бар екен. Мұның бәрі –  бір ізге түскен, тұрақты беріліп тұратын сыйлықтар. Мұның сыртында меценаттар тағайындайтын бір реттік қаншама сыйлық бар. Қаламгерлерді ынталандыру деген осы емес пе?!
Бұл –  медальдың бір жағы болса, енді екінші жағын аударып көрелік. Бұрынғы Кеңестер одағында әдеби сыйлық керек кезінде ұлт жазушыларын бір-бірімен әдейілеп қырқыстыру үшін пайдаланылғаны жасырын емес. Сөйтсе де, ол кезде әділдік бар еді. Қанша жерден идеологияның сойылын соқты десек те, қаншама соқталы туындылар сол заманда дүниеге келді. Бүгін ше? Бүгінде шетелдің әдеби сыйлықтары ел ішін ала тайдай бүлдіруге көшкен. Орыстың алдыңғы қатарлы жазушылары «Букер» сыйлығының кілең Батыстың батпағына батқан халтурщиктерге беріліп, әдеби процесті бүлдіріп жатқанына бекер наразылық танытты деймісіз. Франц Кафка атындағы алтын медальдың,  Шолохов атындағы сыйлықтардың да салмағы төмендеп кеткенін жұрт білмейді емес, біледі. Батыстың түрлі сыйлығынан дәмеленіп, орыс жазушылары оқырманның талғамын тал түсте бұзып жатса, қазақ әдебиеті де бұдан құралақан емес. Қазақ оқырманы түстеп болсын танымайтын базбіреулердің кітабы ағылшын тілінде басылып, Лондонда, Нью-Йоркте, Парижде  тұсаукесері өтіп жататынына таңғалмайтын болдық. Кітапты ешкім оқымайды, бірақ ол кітап сыйлық алады. Кітап сыншылар үшін емес, оқырман үшін жазылатыны белгілі. Оқылмаған кітап та, театрдағы бос зал да бір. Бірақ кілең «ақсүйек» жазушыға оқырман керек пе өзі? Камюдың айтқан бір сөзі еске түседі: «Кім қарапайым жазады, оның оқырманы бар, ал кім күрделі жазады, оның тек түсіндірушілері бар» деп. Жалпы, оқырман мен жазушының арасы алшақтап кеткелі қаш-а-а-ан…
Дамыған Батыс елдерін айтпай-ақ қояйық, кеше ғана кеңестің шекпенінен шыққан Балтық жағалауы елдерінде ақын-жазушылар  сыйлыққа  өздерін ұсынбайды екен, тұрақты мемлекеттік комиссия кітаптарын оқып, жыл сайын лайықты деген авторға өздері береді екен. Бізге де осы тәжірибені енгізсе, ешкім жүрегі ауырып, ауруханадан бір-ақ шықпас па еді…
Сонымен, әдебиет әлемін Мемсыйлықтың әлегі билеп тұр. Қаныбек Сарыбаев марқұмның мынадай өлеңі бар еді: «Өлеңімнің өлмейтіні хақында, қам жемесін жақыным да жатым да. Қазақтағы сыйлықтардың көбісі, Сыйлық алмай кеткендердің атында». Рас. Сол сыйлық алмай кеткендердің бірі Мұқағали мен Тәкен Әлімқұлов еді. Бірақ Тәкеннің де, Мұқағалидың да атында әдеби сыйлық жоғы өкінішті…
Төреғали ТӘШЕНОВ
«Қамшы» сілтейді