Назарбаев: Жаңа буын – еңбегімнің ең үлкен жемісі

987
Бүгін «Нұр әлем» көрме кешенінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының ашылу рәсімі өтіп жатыр. «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» деп аталатын салтанатты шарада еліміздің бетке ұстар жастары бас қосып, сөз сөйледі.
Жиында жастарды тыңдаған Мемлекет басшысы «сөзді тоқтатпай, айта берсін деген ой келді» деді. Елбасы Жастар жылының маңыздылығын атап өтті.

«Жастар, сендер мен айтайын деген негізгі мәселенің барлығын әр салада көтеріп жатырсыңдар. 27 жыл тәуелсіздіктің ішінде көп нәрсе жасадық, көп жеңіске жеттік. Тәуелсіздік Қазақстанды орнатып, мемлекетті дүниежүзі картасына қойдық. Бұл ауқымда, бұл шекарада дәл осындай жағдайда Қазақстан еш уақытта болған жоқ. Бұрын дүниежүзі барлығын паш еткен, мойындаған, қадірлеген ел болғанымыз жоқ. Сондықтан, ата-бабымыз арманымызды орындап, біздің бүгінгі тәуелсіздігімізді орнатты», — деді Назарбаев.

Президенттің айтуынша, саясатқа келген әрбір адамның, әсіресе ел басқарамын деген үміті бар азаматтардың халыққа жолдайтын ішкі ойы, жоспары болуы керек.

«Сол жоспарды іске асырып, нәтижесін көрген саясаткер бақытты. Істеп жатқан жұмыстың барлығын айта беруге болады. Елімізді құрдық, экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын жоғарылаттық, мәдениетін, денсаулығын, барлығын көтердік. Дүниежүзі таң қалатын Астананы салдық. Бірақ та, ішіндегі ең негізгі жетістік – сендерді, жаңа буын қазақстандықтарды тәрбиелеп шықтық. Жаңа буын — Қазақстанның ең үлкен жетістігі, менің Мемлекет басшысы ретіндегі еңбегімнің ең үлкен жемісі», — деді Елбасы.

дереккөз:baq.kz