Оқушылар секілді шпаргалка қолданған: Қазақстанда біліктікті тексеру тестінде ұстаздар өздерінің орнына бөтен адамды кіргізбекші болған

833
Қазақстанда ұстаздардың біліктілігін тексеру тестінде дөрекі кемшіліктер орын алды. Мұғалімдер тыйым салынған заттарды алып кірумен қатар, жалған құжаттарды өткізіп, өздерінің орнына басқа біреулерді кіргізбекші болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлім етті.
Айта кетейік, педагогтердің біліктілігін тексеруге бағытталған ұлттық тестілеу 2 шілде күні басталған болатын. Жалпы алғанда тестілеуден өтуге 25 мың ұстаздан өтініш келіп түссе, олардың 12 мыңы емтиханнан өтіпті. Тестілеудегі орташа балл 61-ді құраған.
Дидар Смағұлдың сөзіне сүйенсек, Шымкентте бір ер азамат өзін ұстазбын деп басқа біреудің жеке куәлігін көрсетіп, соның орнына кірмекші болған.
«Жеке куәлікті кортонның сыртын ламинаттап, қолдан жасап алған. Бұл жерде педагогтің шын аты-жөні жазылған. Алайда суретте басқа біреу. Әлгі оқытушы тестілеуге өзі тіркеліп, орнына бөтен адамды жіберген», — деді орталық басшысы.
Қазір бұл жайтты құқық қорғау органдары тексеруде екен.
Кейбір мұғалімдер анықтамалық құралдарды, шпаргалка мен телефондарды қолданып жатқанда ұсталған. Бұған қоса 18 ұстаздың орнына әлдебіреу тестілеуге кірмекші болған.
296 адамның сынақ нәтижесі жойылып, алты жайт құқық қорғаушы органдарының тексерісіне жіберілген.
Өз кезегінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл жайлы пікір білдірді.
«Егер әріптестеріміз ереже бұзып жатса, міндетті түрде шара қолдануымыз керек. Қатаң шаралар қолданылады деп айтқым келеді. Екі аптаның ішінде 296 педагог талаптарға бағынбаған. Бірінші кезекте, оларды құқық қорғау органдары тексереді, екіншіден біздің комитет, білім беру басқармалары қадағалайды. Әрбір іс жеке-жеке қаралады», — деді министр.
2020 жылы ұстаздардың біліктілігін тексеруге арналған ұлттық тестілеудің өтуі карантинге байланысты үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде педагогтер біліктіліті тексеру тестін тапсырса, екінші кезеңде біліктілік бағасына ие болады. Ал үшінші кезеңде оқытушы жұмысына кешенді-сараптамалық тексеріс жүргізіледі.
Ал тестілеуден сүрінбей өткен мұғалімдердің жалақысы 30-100%-ға дейін артуы мүмкін.