Өмірзақ Шөкеев соғыс ардагерлерін құттықтады

969
Ұлы Жеңістің 74 жылдығы мерекесі қарсаңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ҰОС ардагерлерін арнайы шаңырақтарына барып құттықтады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
Өңір басшысы әуелі Ұлы Отан соғыс ардагері Әбжаппар Дайрабайұлының шаңырағына аялдады. Ол 1927 жылы 1 қаңтарда Сыр бойындағы Тартоғайда дүниеге келген. 1943 жылы майданға алынып, Беларусь, Украина майдандарында Польшаны азат етуге қатысқан. «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Елге оралған соң ұстаздық жолда еңбек еткен. Ардагер 3 қыз бен 2 ұлдан 6 немере тәрбиелеп отыр.
Кейін облыс әкімі Ұлы Отан соғыс ардагері Немет Абдрасиловтың шаңырағында болды. Ол 1922 жылы 1 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келіп, 1-гвардиялық артиллериялық дивизия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі болған. Украина, Беларусь майдандары мен Сталинград, Курск шайқастарына қатысқан. І дәрежелі Отан соғысы, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, екі Қызыл Жұлдыз орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» сынды медальдармен марапатталған.  Ардагер 5 ұл мен 1 қыздан 20 немере, 18 шөбере сүйіп отыр.
Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы ардагерлердің соғыста көрсеткен ерлігі бүгінгі ұрпақтың қамы үшін жасалғанын айтып, айтулы мерекемен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Батырларға деннің саулығын, ғұмырдың ұзақтығын тіледі.
Айта кетерлігі, Түркістан облысы бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оларға теңестірілгендер саны — 12 849, соның ішінде 63-і —  соғысқа қатысушылар мен мүгедектер, 3-еуі — қаза тапқан жауынгерлердің жұбайы және 9445 тыл ардагері бар.
Мереке қарсаңында барлық аудандар мен қалаларда жергілікті бюджет есебінен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 252 500 теңгеден, оларға теңестірілген азаматтарға 5 АЕК (12 625 теңге) мөлшерінде біржолғы материалдық көмек беріледі.
Өмірзақ Шөкеев соғыс ардагерлерін құттықтады