Өз жерімізді өзімізге «сыйлаған» ба?

173

Ресей депутаты Вячеслав Никоновтың мәлімдемесін қалай түсінеміз?

Қазақ қо­ғамының ашуын қоздырған әңгіменің астарында не жатыр? Орыс саясаткерлері мен қайраткерлері Қа­зақ­станның аумақтық тұ­тас­тығына неге шұқшия береді? Сон­да теріскейдегі көршіміз өз жерімізді өзімізге сый­лаған ба?

Жақында Ресейдің мемлекеттік арнасынан Дума депутаты әрі ток-шоу жүргізушісі Вячеслав Никонов «Қазақстан территориясы – Ресей­дің сыйы» деп салды. Оны қолдаған екінші біреу «Украинаның тең жартысы да өз аумағы емес» деп қосып қойды. Іле-шала Қазақ­станның Сыртқы істер министрлігі Ресейге нота жолдап, осындай «аран­­­­­датушылық әрекеттердің жиі­леп кеткеніне» алаңдады. Ізін­ше Никоновтың өзі «қазақ халқына ыстық ықыласын» білдіргенімен, кешірім сұраған жоқ.

Бірден айтайық, Қазақстан мен Ресей арасындағы аумақтық мә­селелер толық реттелген. 2005 жы­лы Нұрсұлтан Назарбаев пен Вла­димир Путин қол қойып, 7 400 ша­­­­қы­рымдық Қазақстан–Ресей шека­расын белгіледі. Ке­лісімді екі елдің де парламенті бекіткен. Яғни, көр­шілер ара­сында ресми жер дауы жоқ.
Бірақ Солженицын, Дугин, Жириновский, Лимонов, Бон­дарев, Распутин секілді орыс шо­винистері баяғыдан «бәрі ме­нікі» дейтін парықсыз бай­баламға құмар. Олардың ойынша, украин деген халық жоқ, қазір Украина деп жүргеніміз 1918 жылы немістердің айтағымен құрылған Малороссия екен. Балтық жағалауы да ежелгі орыс жері екен, өйткені онда орыс солдатының қаны тө­гілген. Мол­дованы түріктерден Ресей босатқан, Грузияны талай қауіп-қатерден Ресей құтқарған, сондықтан олар­дың өз алдына ел болғаны әділет­сіздік екен. Тіпті, қызды-қыздымен алыстағы Аме­рикаға айбат шегіп, «Ресей пат­шалығы Алясканы сат­паған, жай жалға берген» дейтіні бар. Ал біз туралы сөз қысқа. Сол­түстік өңірді қазаққа больше­виктер сыйлапты-мыс.

Кейде осындай қисынсыз сан­ды­рақты айтқан адамдардың ақыл-есі түзу ме деген күмән туады. Мысалы, «Солтүстік Қазақстанда адам тұрмаған, қазақтар одан оң­түстікке қарай қоныстанған» деп айды аспанға шығарған Вячеслав Никонов әйгілі ММУ-дың тарих факультетін бітіріпті. Алайда де­путат адамзат тарихы былай тұрсын, Ресейдің өткен өмірінен бейхабар сияқты.

Әлемнің алтыдан бір бөлігін иемденген Ресей империясы мен Кеңес Одағы әуел баста Мәскеу князьдігі дейтін шағын ғана мем­лекет болғаны белгілі. Алтын Орда ыдыраған соң көршілерін ты­ным­сыз тықсырып, от қарудың күшімен отарлаған орыстар ұлан-байтақ империя құрды. Ресейдің өстіп бірте-бірте ұлғайғанын, им­перия құрамына кірген аймақ­тарда басқа бір халықтар мекен­дегенін кезінде ешкім жоққа шы­ғармайтын. Гу­милев, Карамзин, Соловьев, Клю­чевский сынды ғалымдар да, қазақ даласын отар­лау­ға қатысқан Ки­риллов, Татищев, Неплюев, Скобелев секілді ше­неу­ніктер де жа­сырмайтын. Ал Вя­чеслав Никонов тектес шо­ви­нис­терге бәрібір ме деп қалдық. Кешегі әкіреңдеген өктем күндерін қия алмай ма, жатса-тұрса бастан ұш­қан сол дәуреннің қайта оралғанын армандай ма, әйтеуір ауық-ауық Қазақстанға қарап үріп тұруды әдетке айналдырған.

Сонымен, жан-жағын түгел жайпап, жазықсыз қаншама жұрт­ты қырып-жойып, Тынық мұ­хиттың жағасынан бір-ақ шық­қан Ресей империясы XVII ғасырда қазақ даласына көз тігеді. Бірақ көшпелілердің іргесі берік еді. Орыс воеводалары «Посольский приказ» деп аталатын сыртқы істер әкімшілігіне жазған бір хатында Сібірдің оңтүстігін саны мол, әскері күшті, жауынгер халық мекен­дейтінін, оңтүстік тарапқа жылжу мүмкін емес екенін баяндаған. Сі­бірдің оңтүстігі – Қазақстанның солтүстігі екенін ескерсек, «Ресей­дің сыйлығы» деген өтіріктің өрге баспайтынын анық аңғарамыз.
Ресей империясы 1781 жылы Абылай хан көз жұмған соң ғана Қазақ хандығын өзіне қарата бас­тады. Келімсектерді ерікті және еріксіз түрде солтүстік аймаққа қо­ныстандырып, Есіл өзені бойын­дағы шұрайлы аңғардан қазақтарды күшпен ығыстырды.
Айтпақшы, Вячеслав Нико­новтың шулы мәлімдемесінен бір күн бұрын Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің қақпасына «Солтүстік Қазақстан – орыстың жері» деп жа­зылған баннер ілініпті. Сәй­кестік пе, әлде алдын ала дайын­далған шоу ма, білмейміз. Бір бі­летініміз – СҚО ешқандай да орыс­тың жері емес. Рас, солтүстік өңір тарих тәл­кегіне ерте түсіп, Ресей отар­шы­лығына ұшырады. Бірақ оны орыс­тың атамекені деп меншіктеу – на­дандыққа пара-пар қылық. СҚО аумағын ежелден ар­ғынның атығай, қарауыл рулары, керей мен уақтың тайпалары жай­лаған. Осы рулардың батыр­лары мен билері туған жерін ер­лікпен қорғаған. Бұл жөнінде қан­шама жазба дерек, жыр-дастан, аңыз-әпсана сақталған.Ешқандай мазмұн жоқ

«Жеріңнің аты – еліңнің хаты» демекші, жер-су атауларының өзі қазақ тарихынан сыр шертеді. Дүниежүзінің қай қиырына бар­саңыз да, топонимдер сол жердің табиғи құжаты саналады. Отар­шылдар солтүстік өлкедегі жер-су атауларын шамамен 230-250 жыл бұрын орынсыз өзгертуге кіріскен. Әскери губернатор Г.Меньши­ковтың отарланған елді мекен­дердің қазақша атауларын орыс­шаға алмастыру туралы бұйрығы 1774 жылғы 1 қаңтардан орындала бастаған. Мәселен, Омбы уезіндегі Атқы-Мөнтік-Сары Қарауыл бо­лысының атауы Николаев болысы, Петропавл уезіндегі Матақай-Сыбан-Керей болысының атауы Пресногорьковская болып әкім­шілік зорлықпен өзгертілді. Осы атаулар әлі күнге дейін отарлау саясатының ескерткішіндей мұрты бұзылмастан мызғымай тұр. ХІХ ғасырдың ортасына дейін Ресейде жарияланған географиялық кар­таларда «Есіл шебі» немесе «Ащы көлдер шебі» деп аталатын бөліктен оңтүстікке қарай «Қа­зақтардың жері» деп көрсетілген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылы зиялы қауым өкіл­дерімен кездесуінде: «Ономас­ти­калық саясатты босаңдатуға бол­­майды. Жалтақтай беретін ештеңе жоқ. Отаршыл заманды еске алып, халықтың намысына тиетін атау­ларды да, тілдің өзіндік заңды­лы­ғын, табиғи үндестігін бұзып тұрған атауларды да ауыс­тырмай болмай­ды» деген еді. Содан бері жиырма жылдан асты. СҚО-дағы 13 аудан, 689 ауылдың небәрі 237-сі немесе 34 пайызы ғана қа­зақшаланыпты.
Жалпы, Никонов тәрізді шо­винистер «ана жер де біздікі, мына жер де біздікі, бүкіл дүние біз үшін» деген астамшыл көзқарасты ең бірінші орыс жұртының санасына сіңіруге тырысатын секілді. Қырым аннексиясына дейін Ресейде «Қы­рым біздікі еді» деген сыңай­дағы дау-дамай жиі қозғалатын. Ақыры алғышарттар пісіп-жетілген сәтте Ресей билігі Қырымды жаулап ала салды.
Теріскейдегі көр­ші қанша жер­ден стратегиялық әріптес, одақтас болса да, телісі мен тентегін тый­майтыны алаңдатады.Ресей сая­саткерлерінің Қазақ­станның ау­мақтық тұтастығына күмән кел­тірген пікірлері етек-жеңі­мізді жи­нап, ықтият болуға мәжбүрлейді. Поп­улистердің ұш­қары пікірлері У.Черчилль айтқан «мемлекеттік мәңгі одақ­тасы жоқ, тек мүддесі ғана болатынын» тағы да дәлелдеп тұр.

Еркебұлан Нұрекеш

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз