Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болды

1995
Кеше Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеген еді
Парламент палаталарының бірлескен отырысында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, келесі президент сайлауына дейін мемлекет басшысы болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 
Бүгін қос палатаның бірлескен отырысында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде Қазақстан халқына ант берді. Осы сәттен бастап ол президент қызметіне ресми түрде кiрiскен болып саналады.
Қазақстан Республикасының Туы мен Конституциясы бірлескен отырыс өтетін залға салтанатты түрде жеткізілді.
Залға жиналғандар Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ду қол шапалақпен қарсы алды.
Қазақстан Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Контитуцияның 42-бабына сәйкес президент өкілеттігі қалған мерзімге сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшетінін мәлімдеді.
Осыдан кейін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып, салтанатты түрде ел халқына ант берді.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн»,- деді Тоқаев.
Еске сала кетсек, кеше Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика халқына арнаған үндеуінде президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеген еді. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін сенат төрағасына беріледі. Осылайша Қазақстан президенті міндетін уақытша атқару сенаттың қазіргі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді.
Елбасы өз мәлімдемесінде Тоқаевтың ел экономикасы мен саясатынын жақсы білетінін атап өтіп, Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат екеніне сенетінін айтты.
Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының басшысы болып қала береді.
Қазақстандықтар президенттің отставкаға кетуін әртүрлі қабылдады. Бірі отыз жылдай ел басқарған Елбасыны қимайтынын айтса, енді бірі бұл күннің ерте ме, кеш пе болатыны анық еді деп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не білеміз?
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы. 1953 жылы 17 мамырда Алматыда туған.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін еркін меңгерген.
Әр жылдары Қазақстанның сыртқы істер министрі, премьер-министрдің орынбасары, премьер-министр болды.
2013 жылдың 16 қазанынан бері – Парламент сенатының төрағасы.
Үйленген, бір баласы бар. Жары Надежда Тоқаева 1957 жылы туған, Мәскеу тарих-мұрағат институтының түлегі.