Қытайда тағы бір қазақстандық студент қыз ұсталды

287
Қазақстандық студентке есірткі таратты деген айып тағылған
Ақтау тұрғыны Юлия Ходева 28 ақпанда Қытайдың Хуанчжоу қаласында есірткі таратты деген күдікпен ұсталған. Бұл туралы mgorod.kz порталы жазды.
Юлияның анасы Оксана Ходева басылымға берген сұхбатында айтқандай, қызы Хуанчжоудың технологиялық университетінде алты жыл оқыпты. Екі айдан соң диплом алуы керек болатын.
Оксана Ходеваның қызынан бөлек, Қытайда егіз сіңлілері білім алып жүр екен. Солардың тұратын жерінде 28 ақпанда Юлияны қаланың құқық қорғау органдары ұстап әкетеді.
Қызының есірткі таратты деген күдікке ілінгенін Қазақстанның Қытайдағы елшілігі өкілінен біліпті.
«Ешқандай қағаз, дәлел көрсеткен жоқ, адвокатқа ақша дайындаңдар деді. 500 мыңнан миллион теңгеге дейін. Сіңлілерім полицей бөліміндегі қызыма жылы киімдер мен ақша беріп жіберді. Қазір сол жаққа бару үшін құжаттарымды дайындап жатырмын. Күйеуім Ақтауда қалады. Қызымды есірткі сатты дегенге сенбеймін, диплом алуына бір-екі ай қалған еді. Құрбымның айтуынша, Қытайда студенттерді жиі ұстап, есірткі таратты деп айыптап, айыппұл салып, елден депортациялайтын көрінеді. Бәлкім, біреу әдейі ұйымдастырған шығар», — деп Оксана Ходева қызының ұсталуына қатысты мән-жаймен бөлісті.
Ұсталған қыздың анасы хабарлағандай, елшілік студенттің босатылуына ешқандай жәрдем көрсетіп жатқан жоқ. Юлияның ата-анасы Бас прокуратураға, сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның президентіне өтініш жазғалы отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз