Сапарбаевтың 90 миллионға еккен көшеттері қурап қалыпты

1005
Ақтөбеде осыдан екі жыл бұрын егілген миллион түп көшет солайымен қурап қалған. Қаланы көгалдандырамыз деп тал егуге 90 миллион қаржы бөлген билік оны суарып, күтіп ұстауға бюджеттен ақша таппаған. Алайда қазір сол кезде миллиондарды бөлгізіп, тал еккізген не облыс не қала әкімі жоқ. Ақтөбенің экс-әкімі Бердібек САПАРБАЕВ министр, ал қаланың сол кездегі әкімі Ілияс ИСПАНОВ жаңа әкім Оңдасын ОРАЗАЛИННІҢ командасына кіре алмай қызметінен кетті.
2017 жылы  миллион екі жүз мың жасыл көшет қаладағы әуежай маңындағы мың гектар алқапқа отырғызылыпты. Сондағылары қалаға ұшақпен келген қонақтарға Ақтөбе деген жазуды жасыл желекпен көрсетпекші болған. Алайда қазір сол жасыл көшеттер қураған шөпке айналды. Еріктілер бұл биліктің табиғатқа қолдан жасаған апаты дейді.
«Біз бұл егілген көшеттердің жағдайын қаланы аралап жүргенде көрдік. Ағаштардың бәрі суарылмағаннан өліп қалған. Қаралмаған. Әйтпесе көшеттер тамырын жайып үлгерген. Қанша ақша, қанша көшет босқа кетті. Қазір біз акиматқа сұраныс жібердік. Жауаптыларды тапсын», —  дейді «Дыши Ақтөбе» қозғалысының еріктісі Евгений ЛАЗАРЧУК.
Көшеттерден қазір түкте қалмаған. Бәрі күнге күйіп, қуарып қалған. Биліктегілер бұл көшеттерді суарып, күтіп ұстауға мердігер компания екі миллиард теңге сұрағанын айтады. Алайда бюджетте ондай қаржы болмапты.
Облыстық таиғатты қорғау басқармасы бұл жоба әкімдіктің келісіп пішілмей жасаған дүниесі деп отыр. Сөздерінше тал екпес бұрын алдымен топырақты зерттеу керек. Мамандар кезінде осылай деп жергілікті әкімдікке ескерткендерін де айтады.
«Әуежай аумағына миллион екі жүз түп екпелер егеміз деп жоспаралаған болатын. Қазіргі таңда ол жерде бұл ағаштар толықтай шықпай қалды деуге болады. Бұл отырғызу технологиялары сақталмауынан болып отыр. Себебі ол жерге кешіктіріліп егілді. Сосын технология бойынша бір жыл бұрын топырақты дайындап алу керек еді», — дейді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы  орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғабит ҚЫЛЫШБАЕВ.
Сонымен қатар жергілікті климатқа бейімделмеген екпелердің отырғызылу салдарынан болып отыр.Миллион екі жүз мың көшет отырғызуға қаланың бюджетінен 90 миллион ақша бөлініпті. Қазір жауаптылар бұл жұмсалған қаржының да шықпай қалған талдардың зая кеткенін енді мойындап отыр.

Дереккөз:zhasalash.kz