Сарыағашта жаяу жүргіншілерді өткізетін «ақылды» жол пайдалануға берілді

1116
Түркістан облысы Сарыағаш қаласында ақылды жаяу жүргінші жолы пайдалануға берілді. Бұл нысан — еліміздегі ең алғашқы осындай жол саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бекіткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сарыағаш қаласын ақылды қалаға айналдыру мақсатында «Smart city — Saryagash» жобасы әзірленген болатын. Аталған жол осы жоба аясында салынып, пайдалануға беріліп отыр. Оның ерекшелігі — жүргіншілерді жол бойынан түнгі мезгілде қауіпсіз өткізу. Мәселен, жол жиегіне келген жаяу жүргіншіні жолдан қауіп-қатерсіз өткізу үшін арнайы сезгіш қондырғы іске қосылады. Артынша  жол жамылғысы жарықтанады.
«Сарыағаш қаласында пайдалануға берілген бұл «ақылды» жаяу жүргінші жолы тұрғындардың жол қауіпсіздігін сақтауға өз септігін тигізері анық. Қазіргі таңда қаланың орталық көшесінде орналасқан бұл қондырғы тұрғындардың көңілінен шығып жатыр. Алдағы уақытта мұндай құрылғылар халық көп жүретін маңызды жаяу жүргінші жолдарына да орналастырылады»,- дейді қала әкімі аппаратының бас маманы Дамир Хайруллаұлы.