Сенім кеңесі сенімсіз адамдардан құрылды ма??

945
Құрамы анықталғанына апта болған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төңірегіндегі гу-гу әңгіме әлі де басылар емес. Мұны әңгімеден гөрі сын, сенімсіздік, күдік пен күмән деген дәлірек болар.
Кеше кеңес құрамындағы өзіміз аса құрметтейтін, ұлтшыл, отаншыл азамат Дәурен Қуат ағамыз елді сабырға, әліптің артын, істің барысын бағуға шақырып, жақсылықтан үміт үзбейік деп үндеу тастады. Алайда сол үміт отын биліктің өзі сөндіріп отырған жоқ па?!
Бұл сөзімізге арыға бармағанда Жәкішевтің күні кешегі сотта мерзімінен бұрын босатылмауын тілге тиек етсек те жетіп қалатын шығар. Иә, көпшілік Жәкішев бостандыққа шығады деп күтті. Биліктің диалог құру әрекеттерін жақсылыққа жорыған жұрт Семейдегі істің оң шешілетініне сенді. Бірақ сенім ақталмады. Бұл кері процесті іске қосты. Қоғамдық күдік күшейіп, жоғары жақтың жақындасу пиғылына күмән қоюлана түсті.
Күмәннің қоюлануына әсер еткен тағы бір мәселе – жер дауы. Парламент ары қарап, бері қарап әлеуметтік толқудан кейін мораторий жарияланған «шетелдіктерге жер беру туралы» баптарды өзгеріссіз күйінде аталған кеңес қарауына берді. Бітпейтін бұл не деген талқылау?! Оған дейін жер комиссиясы әрқайсысы 4-7 сағатқа созылған 8 отырыс өткізіп, талқылаудың «түбін» түсірді емес пе?! Сондағы қаралатыны «жер шетелдіктерге жалға беріле ме, жекеменшікке сатыла ма?» деген екі сұрақ. Бұл мәселедегі халық ұстанымы әмбеге аян. Енді соны сөзбұйдаға салып, елдің жүйкесін жүн қып түткен кімге опа? Басы ашық мәселені сағызша созғандағы «биліктің ойлағаны жерді түбі сату» деп жүрген оппозиция сөзі рас болғаны ма?
Осындайда «қоғамдық кеңес алдаусыратқыш айла» деп жүргендердің сөзінде жан бар ма деп қаласың. Әйтпесе, үкімет, парламент барда өзге диалог алаңының қажеті не?! Ол органдардың негізгі қызметі билік пен халық арасында алтын көпір құру емес пе еді?! Демек билік жариялы болмаса да аталған органдардың бұқарамен байланыс орната алмай отырғанын мойындап отыр. Бірақ бұл да кеңес құруға себеп емес-ті. Елді не толғантатыны, қазақ қоғамының айнасына айналған фейсбукте-ақ көрініп тұр ғой. Мониторинг жасайтын адамдарды айтпағанда, бүгінде әрбір әкім, министр әлеуметтік желіге тіркелген. Бәрін көріп, біліп отыр. Бірақ мәселені шешудің орнына Лондонға барған сапарынан видео салып, әлем астанасының кереметтігін айтуда.
Жауыр болса да айтайық, сенім кеңесіне селкеу түсіріп тұрған себептің бірі – оның құрамы. Оны жоғары жақтың өзі жасақтады. Депутаттарды айтпағанда сарапшы дегендердің бірлі жарымы болмаса, дені өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай жүйені сынағансып жүргендер. Президент сайлауынан соң олардың көбінен көпшіліктің көңілі әбден қалған. Осылайша сенімсіз адамдармен сенім кеңесі құрылды.
Дәурен ағамыз үндеуін «үміттерден үміт үзе бермейік» деп түйіндепті. Бұл енді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері – Сіздерге байланысты.
Автор Меліс Болатұлы