«Серке сенімсіз болса — қой адасқақ, жүрек таза болмаса — ой адасқақ»

1170

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың,
ҚР Қауіпсіздік Кеңесі басшысы,
«Нұр Отан» пратиясының төрағасы,
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына!

Құрметті ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Елдің мүшкіл халін көріп отырып, халық қаламгері ретінде тіл қатпауға арым көтермеді. Дәтімізді Сізге айтпаған да кімге айтамыз?!

Әлемді жайлаған ауыр дерттің (пандемия) жерімізге кіру қаупі туып, дүние дүрбелеңге толғанда біз еліміздегі ұшақтарды алаңсыз ұшырып, ауру вирусының көптеп кіруіне есік аштық. Сауда тоғанақтарын да тоспадық. Алқам-салқам күйде кеудемізді жел кеуледі. Бізден де кіші Моңғолия елі де өз еліне дабыл қағып, қатаң карантиндік режиммен тосқауыл қоя білді. Түркіменстан елінде тіпті бұл ауру жағдайы тіркелмеген екен.

Біздікі (сіздің пәрменіңізді атқардық деген құқықтық, медициналық мекемелер) тосқауылдан көрі сауда-саттық, айыппұл, бірін-бірі кінәлау, алдап-арбау, жалған мәлімет сынды ұсақ күйбеңмен топалаңнан тоқаш іздеп, қаншама қаражатты желге ұшырды. Халықпен емес қаржымен жұмыс істеуге жүгірген пысықайлар жоғарыда Сізді, төменде халықты алдады. Нақты сақтану шаралары, қатаң күзеттер халықпен қоян-қолтық келе алған жоқ. Бұдан бұрын да өрт, жарылыс, су апатында қауқарсыз болып келген төтенше жағдай қызметі де мүгедектігін көрсетті. Радио-теледидар қақсағанмен ел ішіне кіріп шынайы жұмыс жүргізгендер жоқтың қасы.  Соның кесірінен қазір қазақ даласын дерт жайлады. Халықтың қалтасы қағыла бастады. Әр күні тірі оянғанғанымызға қуансақ та, «енді кімнің өлім хабарын естір екенбіз?!» деп ұялы телефонға үреймен, қорқынышпен қараймыз. Қай ғасырда өмір сүріп жатқанымызды да ұмытып барамыз.

Қалаға да, далаға да тізгінсіз кеткен қатерлі өкпе қабынуы бірнеше ғасыр бұрынғы оба дерті тіріліп келгендей сүркей өмірдің суретін елестетті. Әрбір қазақ ауылы өлімнен аман емес. Шағын ауылдарда 3-5 адам, үлкен ауылдарда 10-20 адамға дейін көз жұмды. Қалалы жерде кімнің короновируспен өлгенін, кімнің басқа аурумен өлгенін айыра алмайтын күйге жеттік. Дәрігер екеш мықты маман дәрігерлердің де сорпа бетіндегі біразы бақиға аттанып кетті. Осы көрсеткіштік межелермен еліміз бойынша өлген адамның санын шамалап көріңізші, және Сіздің алдыңызға барып түсетін «семіз қағаз қалталардағы» жел көбік цифрларға үңіліңіз. Ара-парқы жер мен көктей. Өкінішке қарай өлгендердің көбі өзінің ауруын сезбеген, елемеген немесе ауруханаларға сенбеген, тіркелмеген. Тіпті осы аурумен ауырып, қайтыс болған марқұмның туыстары исламдық жаназаға бола «ол короновирус ауруы емес» деп өздерін жұбатып, өзгені алдауға көшкен.

«Ауруыңды жасырғаныңмен, өлімің әшкере» дегендей, осы алдаулар, осы сенбестіктер халықтың бір-біріне деген сенімінің жоғалуы емес, билікке деген сенімінің жоғалуы, мемлекеттік мекемелерге үрке қарауы; ата боларлық ақсақалға, жігіт ағасы боларлық жілікті ұлға жарымауы; ел тізгіні мен халық қадамының бір ізге түспеуі!

Халықты осындай ауыр халден құтқару үшін мемлекет нақты не істеп берді? – деген сауал жұрттың жүрегіне күмән байлады. Аспанға қарап Аллаға жалбарынды, өзге елдерден, байлардан көмек жинауға мәжбүр болды. Ең қысқасы газбен тыныстау аппаратының жетіспеушілігінен көз жұмған адамдардың аянышты халі әлеуметтік желілерде тарай бастады. Зарланған, қарғанған үн, селдеген көз жасы, бейбіт күнде жаназасыз аттанған есіл ерлер, томпайған топ-топ мазарлар… Әлеуметтік желіні майыстырған наразылық үндер. «Жығылғанға жұдырық» дегендей Астана күніндегі отшашудың жұмбағы да жұрт санасына жағымсыз  әсерімен жаңғырықты.

Халық қазір үкіметке сенгеннен көрі Алланың басқа салғанына көніп, өз күнін өзі көріп, бір-біріне қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек жасауға ұмтылып, тыныс алу апапараттарын жанталаса сатып алып, өлместің күйін кешуде. Өз жарасын өзі жалап жазатын аюдай қазақы ем-доммен тірі қалу қамымен арпалысуда. Біздің мүшкіл халімізді көрген шетелдегі қазақ бауырларымыз да аузындағы асын жырып, бізге көмек заттарын жіберуде.

Назарбаев напомнил о необходимости консолидации вокруг Токаева ...

«Президенттен қайыр болмады, ол Елбасына жалтақтайды. Елбасы не тындырып береді?!» деген күнәлі күбірлер «әйелі ерге қарапты, ері жерге қарапты» дегендей халық санасын шарасыздыққа матай бастады.

Өзге елдердің озық карантиндік режимі, тіпті көрші қытайдың құрыш бөгет, желге ұшқан шаңды басқан әдіс-амалы мен айбыны да әлеуметтік желілер арқылы жылт етіп, біздің елдегі бишаралықтың етегін ашуда.

«Баяғыда бір ақылды патша болыпты, оның алаяқ қырық уәзірі болған екен» деген ертегідей, аталған істерге қатысты жұмыс атқарушы құзыретті мекемелерде жүрегімен жұмыс істеушілер тым аз. Жүйесі кірлеген үкімет жұрттың жүйкесін жұқартты. «Маска сатыпты, дәрі сатыпты» деген тектес «ит қашты, қоян қуды» сынды ұсақ әрекеттер акулаларды емес майшабақтарды ұстап әлек. Қылмысты болғызбаудың тетіктерінен гөрі соған бейімдеп орға жығу, кінәліні қолдан жасап жазалау арқылы өз абыройын, қызметін көтеру сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз дейтін «сарбаздардың» кәнігі әдетіне айналған. «Түйені түгімен, биені бүгімен жұтқандар» қармаққа ілікпейді. «Айран ішкендер құтылады, шелек жалағандар тұтылады». Өзеннің басындағы қасқырдың судың аяғындағы қозыны: «суды неге лайлайсың?!» деп жазғырған Крылов мысалындағыдай «ертегілер» әлі шертілуде.

Әр күнгі суық, сызды өлім хабары құлағымызға түрпідей тигенде, «бұлай бола берсе аз қазақтың несі қалады?!» деп қан жылаймыз. Халық пен билік арасындағы сенімнің жоғалуы ұлттық мемлекетіміздің іргесін шайқамас па деген қорқынышқа барамыз. Ұлы елдіктен ұрпақтарға не аманаттайтынымыздан жаңылып, түсіміз тұмандап ұйқымыз үзіледі.

Құрметті Қ.Ж.Тоқаев мырза!

«Мың бір түн» хикаясындағы қарапайым киім киіп халықты аралайтын Харон Рашид патшадай бір уақыт ел ішін кезіңізші, көзіңізбен көріңізші. Олардың үніне, зарына құлақ түріңізші! «Уәзірлер» мен «жеңгетайлар» арқылы емес, халықпен бетпе-бет сөйлесетін мүмкіндікке жетіп, қан жылаған бұқараңызға қол ұшын беріңізші!

Елді кім құтқарады? – деген сауалға «ел Президенті!» дейміз бе, «Ел басы!» дейміз бе? Ел президентінің қауқары жетпеген нәрсеге Елбасының күші қалай жетеді? Елбасы ақсақалдық көрсетпесе, жас президент не тындырады? – деп желдей ескен гуілге арқамыз мұздап, шекеміз терлейді. Әрине, елді 30 жылдай басқарған, билікті өзіңізге ерекше сеніммен табыстаған Елбасыға халқы әлі күнге үмітпен жалтақтайды.

Қазақта: «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «айтпаса сөздің атасы өледі», «ашынған долы, ашыққан ұры болады» деген сөздер бар. Жазушылылық сезіммен селдете айтқан сөздерімді айыпқа бұйырмассыз. Жерімізді ұлықтайтын Отанымыз болғанына, шерімізді тыңдайтын президентіміз болғанына, Аллаға шүкір! Ішке бүккен сыр індетке бастайды. Алла көріп тұрған ақиқатты, халық жүрегіндегі сөзді айтпасақ оның да кінәсі мен күнәсі ауыр.

Біз ел Президенті мен Елбасын бір адам ретінде, Қазақстан халқын бір отбасы ретінде қараймыз. Мынадай қиын заманда тұтас халық болып жұдырықтай жұмылып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаруымыз керек. Қазірге дейін жасалған амалдардың көңіл көншітпегенін тағы да есіңізге салып, ел еңсесін көтеруге, халық пен билік арасындағы сенімсіздікті жоюға, ел болашағын қорғауға ел болып ат салыссақ деген ақ ниетімді ақтарғым келеді. Әманда, жүктің ауыры – топ бастаған серкедей сенім мен билік Сіздің мойныңызда. Мемлекет тізгіні мен халық тағдыры өз қолыңызда.

Серке сенімсіз болса қой адасқақ, жүрек таза болмаса ой адасқақ. Серке сетер болса халық – отары соңынан еруге дайын. Қазақ халқы сол баяғысындай – сенгіш, аңқау, адал, жомарт, сертке байланған семсердей сенімді бағалағыш. Билік пен халық біріксе жеңбейтін жау да жоқ, дау да жоқ. Тегеуріні темірдей текті халықтың көсемі ұлы болса көмбесі жақындап, көсегесі көгере түседі. Елі еңселі болмаса хандық тұғырдың қасиеті де болмайды. «Мен емес, қоластындағыларым солай істепті» деу де жартылай жалаңаш бейнемен көшеге шығып, тәнін бүркемелегенмен бірдей. Патша халықты алдаса да, алдандым десе де ұтылады.

Қазақ халқы не көрмеді!? Бұл да өтпелі кезең. Сынағына төзіп сүрінбей өту бізге де, Сізге де сын. Береке-бірлігіміз мығым болса бәрін жеңеміз.

Құрметті ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев!

Ақ тілегімді арқалаған алақандай хатты көгершін көңілдің көлдей сәлемі ретінде қабылдап, «халқым, халқым!» деп қабырғаңыздың қайыса түсетіндігіне бек сенемін! Қиындықтан халқын құтқару – елі аманаттаған ердің аманаты. Патшаны «Алланың жердегі көлеңкесі» деп білетін ел-жұртыңыз тарыдай сеніміне таудай үмітін жалғап, Сізден батыл шешім, қатаң шаралар күтіп отыр. Жер асты байлығы жағынан әлемнің алдыңғы қатарындамыз деп шіренетін елдің медицинаға, халықты құтқаруға бөлінген қаржысы талан-таражыға түспей ел кәдесіне толық жараса екен деп тілейді. Алтын мен күмістің үстінде отырып ажал құшпасақ екен деп әуелі Алладан, екінші Өзіңізден медет сұрайды.

Сіздің халқыңызға қорған болатын имани жүрегіңіз мейірімге, қуатқа толсын! Алла Тағала Қазақстан халқына, елім-жерім деген ақ-адал азаматтарға жар болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Құрметпен,

Жәди Шәкенұлы,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғыс хан академиясының, ҚР Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

Abai.kz