Шәріпова: Түсінбейтінім, Головкин жерлестеріне неге бұлай істейді

1145
Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шәріпова Головкин-Роллс жекпе-жегінің андекардында Данияр Елеусіновтің алынып қалуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

«Данияр Елеусіновпен болған жағдайға қатты таңғалып отырмын. Мен мансабымды бастаған кезде де осыған ұқсас оқиға орын алған болатын. Геннадий Головкиннің андекардында өнер көрсеткіміз келген. Оның промоутері Том Леффлермен де келісіп қойған болатынбыз. алайда Геннадийдің менеджері Олег Герман: «ешқашан Фируза Головкинмен бір кардта өнер көрсетпейді» деген жауап алдық. Бұл көрсеткен қылығы — дөрекілік, сол кезде өте қапалы болдым. Геннадий Головкиннен бірауыз қолдау алсақ па дедік. Таныстарымыз арқылы мен туралы баспасөзге жылы сөз айтуын өтіндік. Ол бұған пысқырып та қарамады. Мені ресейлік боксшы Александр Поветкин әр жекпе-жегімнің алдында қолдап жүрді.

Головкиннің сөзі кімге болсын мотивация беретін деңгейге жетті ол. Алайда, ол бұлай жасаған емес.

Сол жағдайдан кейін алдыма Головкиннің нәтижелерінен асып түсем деген мақсат қойдым. Әрине, ол Қазақстанды әлемдің спорттық арена танымал етті, алайда, мен одан жоғарғысына жеткім келеді. Головкин немесе тағы басқа қазақстандық боксшылар жетпеген жетістіктерге жеткім келеді. Түсінбейтінім: өзінің жерлестеріне неге бұлай істейтіні?! Өзіме келер болсам, қазақстандық жас боксшыларды үнемі қолдап жүремін. Қазақстанда кәсіпқой бокстың дамығанын қалаймын. Сол үшін де жергілікті қор және промоутерлік компания аштық. Біз ұйымдастырған бокс кешін қарап отырсаңыз, қазақстандық жас боксшылар көп. Біз жерлестерімізді қолдауға тырысамыз, олардан ешқашанда бас тартпаймыз», – деді Шәріпова өзінің инстаграм-парақшасында.

Бүгін белгілі болғандай қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Головкин — Роллс жекпе-жегінің андеркартында жекпе-жек өткізбейді. Елеусіновтің орнына бұл кеште өзбек боксшысы Исраил Мадримов шығады. Геннадий Головкин андеркартқа Данияр Елеусіновті емес, өзбек боксшысын таңдаған.

Айта кетейік, 8 маусымда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтетін бокс кешінде Головкин DAZN платформасы аясындағы алғашқы жекпе-жегін өткізгелі отыр. Қарсыласы канадалық боксшы Стив Роллс (19-0, 10КО).