Шымкент әкімдігі 43 миллион теңгеге қызметтік пәтерлер сатып алды

1477
2018 жылы Шымкент қаласының әкімдігі тұрғын үй қорын құны 43 миллион 125 мың теңге тұратын бес қызметтік пәтермен толықтырды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімшілігінің баспасөз қызмет өкілдеріне сілтеме жасап.
Қазіргі кезде Шымкент әкімдігінің коммуналдық меншігінде 102 пәтер бар.
«Екі тұрғын үй (90 пәтер) 2017 жылы салынған, қалған пәтерлер жергілікті бюджет қаражатына сатып алынды. ҚНжЕ (Құрылыс нормалары және ережелері) нормасына сай екінші, үшінші кластағы жайлылық пәтерлер ғана салынады немесе сатып алынады», — деді әкімдік өкілдері.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер тұратын бірнеше пәтер сатып алынатыны хабарланып отыр. Бірақ пәтерлердің толық саны айтылмаған. «Шаһар республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғандықтан жаңадан басқармалар қосылды және 130 мемлекеттік қызметкерлер тағайындалды. Осыған орай, олар пәтермен қамтасыз етілуі тиіс. 2019 жылы осыған байлнысты ешқандай өтініш түскен жоқ, бірақ пәтерлері жоқ қызметкерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп отыр», — деп жауап берді әкімдік өкілдері редакцияның сауалына.
Осыған дейін Тараз әкімі Ғалымжан Әбдрайымовтың қызметтік пәтерінің құны 24,5 миллион теңге тұратыны мәлім болды. Оған қоса, Астана мен Ақтау қалаларының, Ақмола және Павлодар облыстарының әкімдік өкілдері қызметтік тұрғын мен пәтерлердің санын жария еткен еді.