Шымкент әкімдігі мен қалалық сот меморандумға қол қойды

1482
Шымкентте «Тұрғындарды қабылдау» орталығы ашылды. Қалалық сот ғимаратындағы орталықтың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Қалалық соттың төрағасы Е. Рахымбековтың айтуынша, «Тұрғындарды қабылдау» орталығы азаматтарды қабылдаудың жаңа форматына көшті.
– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сот жүйесін одан әрі жаңғыртуда нақты тапсырмалар берген болатын. Оны бастысы дауларды сотқа жеткізбей, бітімгерлік жолмен шешудің баламалы түрін дамыту мәселесі де бар. Тараптардың дауын сотқа жеткізбей реттеуде осы орталықтың маңызы зор. Онда судьялар, медиаторлар азаматтарды демалыс, мереке күндерінен басқа уақыттың бәрінде қабылдайды, — деді Е.Рахымбеков.
Жаңа орталықта ашық қызмет көрсетуде барлық жағдай қарастырылған. Татуластыру бөлмесінде тараптардың өзін жайлы және психологиялық тұрғыдан еркін сезінуге мүмкіндік бар. Бұдан кейін Шымкент әкімдігі мен қалалық сот арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қалалық сот өкілдерінің мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылы Шымкентте 29 мыңға жуық азаматтық іс қаралған. Сот жүйесінде медиация институтын дамытуда осы кезге дейін татуластыру кабинеттері, ардагерлер кеңесінің қолдауымен билер кеңесі де құрылған. Енді мемлекеттік органдарда медиациялық кабинеттер ашу мен кәсіби медиаторлардың санын көбейту мәселесі тұр. Қос тарап аталған меморандум аясында бұл жұмыстар одан әрі жандана түседі деген сенімде.
– Шымкенттегі мекемелерде медиациялық кабинеттер ашу бойынша бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Ұйымдастыру жағынан көмек қолын созуға дайынбыз, — деді қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ