«ШЫМКЕНТ-СИТИ» ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ 10 ҮЙДЕН 540 ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

379
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент Сити» қалашығында 540 пәтерлі 10 арендалық коммуналдық тұрғын үйлердегі пәтер кілттерін табыстады. Оның ішінде 177 пәтер – көпбалалы отбасыларға, 108 пәтер – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға беріліп, 255 пәтер басқа да әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға үлестірілді.
Іс-шарада сөз алған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің жаңа әлеуметтік саясаты іске асып жатқандығын мәлімдеп, «Әлеуметтік қамқорлық» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар мен халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын баспанамен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Мемлекет тұрғындарды баспанамен қамту, көпбалалы отбасыларға, мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бағыттарында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Халықты қолдауға арналған осы жұмыстарды қуатты мемлекеттер ғана атқара алады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Шымкент қаласында соңғы жылдары құрылыс қарқыны артты. Жаңа шағынаудандар салынып, мыңдаған отбасылар баспаналы болды. Былтырдың өзінде қаламызда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1152 отбасы баспаналы болды. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, талай отбасы баспаналы болу бақыты бұйырғалы тұр. Қаланың даму жоспарына осыдан 3-4 жыл бұрын ғана енгізілген «Шымкент-Сити» заманауи қалашығы бүгін алғашқы тұрғындарын қабылдауда, — деді қала әкімі.
Айта кетсек, жыл соңына дейін 828 пәтерлі 14 арендалық үй пайдалануға беріледі. Бұдан басқа «7-20-25» бағдарламасы арқылы 246 пәтерлі 5 кредиттік үй берілсе, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы Нұрсәт шағын ауданында 656 пәтерлі 11 кредиттік тұрғын үй, «Шымкент» ӘКК арқылы 1016 пәтерлі 24 кредиттік тұрғын үй халық игілігіне тапсырылмақ. Жеке құрылыс компаниялары есебінен 1293 пәтерлі 26 тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Ал «Шымкент-Сити» қалашығы таяу болашақта мегаполистің қарқынды даму орталығына айналады. Қалашықтағы қоныс тойы барысында тұрғындарға мерекелік дастархан жайылып, іс-шараның соңы думанды концертке ұласты.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз