Шымкентте 1 мамырға дейін бірқатар шектеу енгізіледі

755
Шымкентте карантин шаралары күшейтіліп, қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мақсұт Пернебайұлының айтуынша, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және эпидемиологиялық жағдайдың асқынуының алдын алу мақсатында қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысы шыққан.
Қаулыға сәйкес, қаланың барлық аумағында 19 сәуірі сағат 00:00-ден бастап 01.05.2020 жылы сағат 07.00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізіліп отыр.
«Қаламызда бір күнде 11 адам коронавирус жұқтырды. Осыған орай, індеттің таралу қаупіне байланысты қаламызда сақтық шаралары күшейтілді. Атап айтсақ, айырбастау пункттерінің, микрофинанстық ұйымдардың қызметін онлайн жұмыс режиміне және «клиенттерге дейін жеткізу» принципі бойынша көшіру арқылы уақытша шектеледі. Сонымен бірге, қалада қоғамдық көліктер де жұмысын тоқтатады. Қоғамдық көліктер тоқтағанымен қалада арнайы тіркелген 11 такси компаниясы жұмысын жалғастыра береді. Оларда 2 адамнан артық жолаушы алуға болмайды. Тіркелмеген таксилерге рұқсат жоқ. 65 жастан асқан азаматтарға және 18 сегіз жасқа толмаған азаматтар тұрғын үйден ересек адамның сүйемелдеуінсіз шығуына тыйым салынды. Бұл ретте Шымкент қаласының полиция департаментінің, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық гвардиясының, Қорғаныс министрлігінің әскери құрылымдарының күштерімен карантиндік аумақты патрульдеу тапсырылды», — деді қала әкімінің орынбасары М. Исахов.
Сондай-ақ, брифингте сөз алған Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Алмат Қосалиев қала тұрғындарына карантин талаптарын орындап, мамандар ұсынған нұсқаулықтарға жіті құлақ асуға кеңес берді.