Шымкентте ерлі-зайыптыларды өлтірген жүргізуші екі айға қамауға алынды

1128
Шымкентте кәсіпкер мен әйелін өлтірген осы отбасының көлік жүргізушісі болып шықты. Бүгін Қаратау аудандық соты 28 жастағы Арыс ауданының тұрғынын екі айға қамау туралы санкция шығарды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Санкция беру кезінде Шымкент қаласының прокуроры Мақсат Қожабаев қылмыстың қалай жасалғанын баяндады. Оның сөзінше, көлік жүргізуші үй иесі мен әйелін қалай өлтіру керектігін алдын ала ойластырған.
«Сезікті үйге жертөле арқылы кірген. Сөйтіп алдымен теледидар қарап отырған үй иесіне  оқ атқан. Кейіннен ас бөлмеге өтіп, пышақ алған. Оқтың даусынан оянып кеткен әйеліне де бірнеше пышақ жарақатын салған. Салдарынан жәбірленуші сол жерде жантәсілім еткен. Қылмыс жасаған түні Құлахметов сол үйден 2 млн 300 мың теңге ақша мен алтын бұйымдарды алып кеткен. Тергеу кезінде ол қылмысын мойындап, ұрланған заттардың барлығы айғақты заттар ретінде тәркіленіп алынды. Қылмыс жасағаннан кейін күдіктіні іздеу кезінде оның 10 күн бойы өз үйінде болғаны анықталған»,- деді Мақсат Қожабаев.
Алайда, сотта жүргізушінің мұндай ауыр қылмысқа не үшін барғаны жария етілмеді. Қазір күдіктіге «қарақшылық шабуыл жасап, атыс қаруын заңсыз алып жүру және қолдану арқылы екі және одан да көп адам өлтірді» деген айып тағылуда.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте 6 ақпан күні түнде кәсіпкерлікпен айналысатын  ерлі-зайыптыларды өз үйінде өлтіріп кеткен болатын. Күні кеше полиция департаменті отбасылы ерлі-зайыптының өліміне күдікті ретінде 27 жастағы жергілікті тұрғын ұсталғанын хабарлаған еді.