Шымкентте жедел жәрдем қызметінің үш бекеті ашылды

1170
Шымкентте жедел жәрдем қызметінің үш жаңа бекеті ашылды. Сала мамандары тұрғындардың шақырулары мен шағымдарды саралай келе 3 шағынауданға бекеттердің қажеттігін анықтаған. Нәтижесінде халық тығыз орналасқан Қайтпас-2, Айқап және Қарабастау шағынаудандарында үш бекеттің ғимараты бой көтерді. Соның нәтижесінде жедел жәрдем бригадаларының науқастарға жету уақыты азаяды, дейді сала мамандары.
Жаңа бекеттердің ашылу салтанатына Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов қатысып, фельдершердің жұмысымен танысты.
– Қазіргі таңда жедел жәрдем қызметі шақыртуларға 10 минут ішінде жетуде. Халық саны көбейіп, қала аумағы кеңейіп жатқандықтан, әлі де бекеттер қажет. Бізде бүгінде 81 бригада болса, норматив бойынша шаһарда 100 бригада жұмыс істеуі қажет, — дейді қаланың бас дәрігері.

Нұрлан Қасымовтың айтуынша, жедел жәрдем қызметінің сапасы жақсартуда түрік кәсіпкерлерімен меморандум жасалған. Соның аясында келесі жылы қалаға жаңа 100 жедел жәрдем көлігі жеткізілмек.
Ал Қайтпас-2 шағынауданындағы №6 бекетте 10 бригада 150 мың тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Жұмыс қабинеттері заманауи жабдықтармен қамтылған. Диспетчерлік бөлме, фельдшер кабинеті, дәріхана қоймасы, демалыс бөлмесі бар. Мамандар интернет арқылы науқастың мекенжайын анықтап, диагнозымен таныса алады. Сол секілді №1 бекетте 6 бригада 9 мың халыққа, №3 бекеттегі 8 бригада 12 мың тұрғынға қызмет көрсетуді бастады.
shymkent.gov.kz