Шымкентте көп балалы отбасыға еріктілер үй әперді

1260
8 ақпанда алты баласы бар жалғызілікті ана Махаббат Байеваның отбасы Шымкентте жалдап тұрып жатқан жұпыны баспанадан қала іргесіндегі Мәртөбе ауылындағы жеке үйге көшті. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға бұл үйді еріктілер қаржы жинап сатып әперген.
Шымкенттік Жасуржан Қалбаев Азаттыққа 13 жасар Ағабектің үй-ішінің күнкөрісі үшін сабақтан соң жол бойында темір жинаумен айналысатыны туралы видеоны көргеннен кейін әлеуметтік желі қолданушылары баспанаға мұқтаж отбасыға өз еріктерімен жәрдем көрсетуді ұйғарғанын айтты.
— Бес күнде 500-ден аса адамнан 7 миллион теңгеден көп ақша жиналды. Көмекті қазақстандықтардан бөлек шетелде тұрып жатқан қазақтар да жіберді. Сайрам ауданы Мәртөбе ауылынан жер үй сатып алдық, қазір сонда көшіріп жатырмыз, — деді ол жұма күні Азаттыққа.

Мәртөбе ауылы Шымкент қаласынан бірнеше шақырым жерде орналасқан.
Махаббат Байеваның 2-15 жас аралығындағы 6 баласы бар. Жалғызілікті ана денсаулығы сыр берген соң 13 жасар ұлы Ағабек сабақтан кейін темір-терсек жинап, отбасын асырау міндетін мойнына алғанын айтады.
— Балам екеуміз бірге темір теріп өткізетін едік. Мен ауырып қалған соң балам темір теруге жалғыз шықты. Балаларыма ай сайын берілетін 15 мың теңге жәрдемақы тамақтан артылмайды, — дейді ол.
Махаббат Байева өз отбасына баспана сыйлаған еріктілерге алғысын білдірді.

Дереккөз:Азаттық радиосы