Шымкентте мемқызметшілерді үстеме жұмысқа тарту мәселесі қатаң бақылауға алынды

1024
asdbkb1

Рейдтік іс-шара жұмыстары алдағы уақытта күшейтіліп, құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, ол деректердің орын алуына жауапты барлық қызметшілердің жауапкершіліктері қатаң түрде қаралатыны айтылды.

asdbkb1
Ardak.kz. Шымкентте мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту мәселесі қатаң бақылауға алынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.Аталған мәселе 2018 жылдың 22 қараша күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаевтың, Шымкент қаласы әкімі орынбасары Г.Құрманбекованың, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қатысуымен өткен мәжілісте қаралды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан кейін қалып, үстеме жұмыс атқаруына жол бермеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінген болатын. Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілердің арасында анонимдік сауалнама жүргізіп, нәтижесімен Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мен Әдеп жөніндегі уәкілдермен бірлесіп үстеме жұмыстарға жол беретін мемлекеттік органдарда рейдтік іс-шаралар жүргізілген. Нәтижесінде, бірқатар мемлекеттік органдардың, соның ішінде Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметшілері тарапынан үстеме жұмыс атқару деректері анықталған. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілер жүктеме жұмыстар атқаруларының себебін жұмыс ауқымдылығының көптігімен, жиналысқа мәлімет әзірлеумен, басшылық тарапынан жұмыстың дұрыс бөлінбеуімен түсіндірген. Оған қоса, Түркістан облысының білім басқармасының, Түркістан облысының экономика басқармасының, Түркістан облысы әкімі аппаратының, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігінің Түркістан облысы бойынша аумақтық инспекциясының қызметкерлері тарапынан жұмыстан тыс уақытта қызметтік автокөлік құралдарын мақсатсыз пайдалану, соның ішінде: қызметтік автокөлік құралдарының ойын-сауық орталықтарының, мейрамханалардың және басқа да халық көп жиналатын орындардың жанында болу жағдайлары Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментімен анықталып, нәтижесінде жауапты қызметкерлер жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, Департаментпен жүргізілген жұмыстар нәтижесімен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптары бұзыла отырып, мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі35-бабы бірінші бөлігі 4) тармағы негізінде босатылған тұлғаны мемлекеттік қызметке тағайындау дерегі анықталған. Осы деректер бойынша бұзушылыққа жол берген мекеме басшысының есебі Әдеп жөніндегі кеңес отырысында тыңдалатын болады. Шымкент қаласының жер қатынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасында жүргізілген тексеру нәтижесімен «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының талаптарын сақтамай, қызмет көрсету мерзімін бұзу және қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту фактілері бойынша Басқарма басшысының орынбасарына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 465 бабы 1, 2 тармақтарына сәйкес қысқартылған түрде үш әкімшілік іс қозғалып, 35 АЕК (86 175 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Осы орайда, бұзушылықтарды алдын-алу мақсатында, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында жоғарыда көрсетілген және мемлекеттік қызметтің басқа да мәселелері бойынша жиналыс өткізілді. Агенттіктің Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің, Шымкент қаласының мемлекеттік органдарының басшылары мен әдеп жөніндегі уәкілдерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуында өткен жиналыста, қатысушыларға бұзушылықтарды алдын-алуға бағытталған тиісті түсіндірмелер берілді. Бұл ретте, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Амантайұлы Көмекбаев рейдтік іс-шара жұмыстары алдағы уақытта күшейтілетінін және бұзушылықтар анықталған жағдайда, ол деректердің орын алуына жауапты барлық қызметшілердің жауапкершіліктері қатаң түрде қаралатынын жиналысқа қатысушыларға қатаң ескертіп, бұзушылықтарды болдырмау бағытында бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.

Дереккөз:ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті