Шымкенттік шенеуніктер мұғалімдердің мереке күндері сыйлық алуын тоқтатпақ

1283

Мұғалімдерге алдағы келе жатқан мерекелерде жаппай сыйлық алмау бойынша акция ұйымдастыруды ұсынды.

Ardak.kz. Бұл туралы ағымдағы жылдың 22 қараша күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті, Шымкент қалалық білім басқармасы бірлесе өткен кездесу барысында талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қалалық №24 мектеп лицейінде өткен жиынға Департамент басшысының орынбасары А.Шілманов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Қабылбеков, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы А.Абылайхан, колледж, мектеп директорлары мен орынбасарлары, жалпы саны 600-ге жуық адам қатысты. Бүгінгі іс-шараның мақсаты біреуді жазаға тарту емес, жемқорлық әрекеттердің алдын алу, екендігі түсіндіріліп, еліне жеріне патриот адал азаматтарды тәрбиелеуге бірлесе жұмыс жасауға, мереке күндері жаппай сыйлық алмауға білім ордаларының басшылары мен қызметкерлерін шақырды. «Адалдыққа үйрететін, баланы тәрбиелейтін бірден-бір орын мектеп бола тұра, қазіргі таңда оқу орындарының өзінде жемқорлық кездесіп жатады. Олай деуге ата-аналардан үздіксіз ақша жинау фактісі, мектептердегі ақша жинау, мұғалімдердің жалақыларының уақытылы төленбеуі, директорлардың өкілеттіліктерін асыра пайдалануы, сонымен қатар, мерекелерде сыйлық алу негіз болып отыр», — деді


Сондай-ақ, Айбек Ақбергенұлы қарғыс емес, алғыс алатын сала иелеріне алдағы келе жатқан мерекелерде жаппай сыйлық алмау бойынша акция ұйымдастыруды ұсынды. Яғни, «Өзгерістерді өзіңнен баста» жобасы аясында, білім ордаларының басшыларын сыйлық алмауды өздерінен бастауға шақырды. Сыйлықтар немесе басқа да материалдық сыйақы алған жағдайда мұғалімдердің жауапкершілігін ескерткен К.Қабылбеков, білім саласында анықталған кемшіліктер мен сыбайлас жемқорлық фактілері туралы қатысушыларды хабардар етті. Іс-шараға қатысушылар білім ордаларындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірлесе жұмыс жасауға уағдаласып, қай кезде болса да сыйлықтар алмау бойынша бір келісімге келді. Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық деректері бойынша Агенттіктің 1424 Call-орталығы, сонымен қатар, азаматтармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында Департаменттің memkyzmet.kz сайтында арнайы «Білім» айдары ашылып,+7 702 201 51 51 нөмірі бойынша WhatsApp мессенджер жұмыс жасайды.

Дереккөз:ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті