Үздік студенттер Мемлекеттік қызмет мектебіне іріктелді

1078
Шымкент қаласының ЖОО-ның үздік студенттерін мемлекеттік қызмет мектебінің студенттері қатарына салтанатты қабылдау рәсімі өтті. Іріктеуге қаланың М.Әуезов атындағы ОҚМУ, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университет, Мирас Университеті және Қазақстан халықтар достығы университетіне 200-ден астам 4 курс студенттері қатысты.
Студенттерге Мемлекеттік қызмет мектебінің төсбелгілері табысталды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Айбек Шілманов егер әр студент қажетті тәжірибе алып одан әрі мемлекетке өз пайдасын әкелсе, аталмыш жобаның мақсаты жүзеге асырылды деп санауға болатынын атап өтті.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кешенді жоспарына сәйкес Мемлекеттік қызмет мектебі өз жұмысын бастаған-ды. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік қызметке дарынды және ынталы жастарды тарту, сондай-ақ болашақ мамандарға мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдысын алуға мүмкіндік беру. Студенттер ҚР Президенті жанындағы басқару Академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалында оқудан өтеді. Алдағы уақытта олар қаланың мемлекеттік органдарында тәжірибеден өтеді, оның қорытындысы бойынша Мемлекеттік қызмет мектебінің сертификаттары тапсырылады.