Асқар Мамин әкімдерге екі апта уақыт берді

829
Үкімет басшысы көмір жеткізу үшін қажетті көлемдегі вагондардың дайын болуын қамтамасыз ету керектігін тапсырды.
Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин өңірлердің әкімдеріне екі аптаның ішінде белгіленген тәртіпте көмірді даярлау және өткізу пункттері инфрақұрылымының қазіргі жағдайын тексеруді тапсырды, деп жазады baq.kz. «Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен де бекітілген кестеден қалып қою жағдайлары да орын алуда.
Коммуналдық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір дайындау деңгейі әлі де төмен.Осыған байланысты, тиісті тапсырмалар беріледі. Біріншіден, әкімдер жоспарланған жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етіп, қажетті көлемдегі отынды алдын ала жеткізуді атқаруы керек. Ішкі нарықта бағаның өсуіне және көмірдің тапшылығына жол бермеу мақсатында өңір әкімдері 2 апта мерзімде көмір дайындайтын әрі оны сататын орындардың қазіргі жәй-күйін, жеткізу кестесін, көмір бағасының негізді болуын, сондай-ақ оның сапасы белгіленген тәртіппен тексеру қажет», — деді Асқар Мамин. Үкімет басшысы осы ретте индустрия министрлігі ҚТЖ компаниясымен бірге көмір жеткізу үшін қажетті көлемдегі вагондардың дайын болуын қамтамасыз ету керектігін тапсырды.
«Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұрғындардың коммуналдық қызметтері үшін дебиторлық берешегін жабу жұмысын күшейту қажет. Энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне өңірлер әкімдіктерінің алдағы жылыту маусымына барлық объектілерді дайындау жұмысын аяқтауын бақылауда ұстауды қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді ол. Бұған дейін бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов алдағы қысқы маусымға дайындықты баяндаған болатын.