Соғыстан қайтқан солдаттар: Жаумен бетпе-бет келген кездер көп болды

1672
«Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз, ол – Отанға деген сүйіспеншілік», деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, елін сүйген азаматтардың қан кешіп, кеудесін оққа  тосып, жеңіс туын желбіреткеніне биыл 75 жыл! 1945  жылы 8 мамырда Германияның әскери басшылығы  тізе бүгіп, жеңілгені туралы актіге қол қойды. Бұл туралы біз тарих пәнінен оқып, ата-әжелеріміздің естеліктерін тыңдап өскенбіз. Қазір жасы үлкен қариялармен әңгіме-дүкен  құрсақ, «Сендер соғысты көрмеңдер! Бейбіт ел болайық, соғыс болмасын!» деп айтып отырады. Себебі, сұм соғысты көзбен көріп, елдің тыныштығы үшін басын қатерге тіккен ардагерлеріміздің жүрегінде ол сәт өшпестей із қалдырған.
Екінші дүниежүзілік соғысқа аймақтан 140 мыңға жуық жауынгер аттанғанымен олардың тең жартысы оралған жоқ. Осындан 10 жыл бұрын Шымкентте Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған  Даңқ мемориалы ашылған еді. Осы мақсатта, арнайы мамандар соғысқа қатысқандардың  толық тізімін табу үшін, тіпті Ресеймен байланысқа түсіп, барынша тер төкті. Ер есімін, ел есінде қалдыру мақсатында қаладағы Абай саябағында орналасқан тарихи кешенге облыстағы барлық жауынгердің есімі қашалып жазылды. Ол тізім 2018 жылы тағы да толықтырылды. Мұнда «Жұлдыз» ескерткіші де бар. Оның айналасындағы гранит қабырғаға аймақтан шыққан Кеңес Одағының 51 батыры мен Даңқ орденінің 8 иегерінің есімі жазылған еді. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай салынған ТМД аумағындағы ең ірі ескерткіштердің бірі. Жыл сайын қала әкімі  бастап  ардегерлер осы жерге жиналып тағзым ететін, салтанатты іс-шаралар өткізілетін. Биыл ел басына төнген қатерлі індет артық қадам бастырмай отыр. Десе де әкімшілік тарапынан Отан үшін отқа түскен ардагерлерге 300 мың теңге, ал тылда еңбек еткендерге. 50 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі деп күтілуде.
Жаумен бетпе-бет келген кездер де көп болды
Қазіргі таңда Шымкент қаласында  Екінші дүниежүзілік соғысының 40 ардагері ғана қалыпты. Яғни өткен жылмен салыстырғанда екі есе азайған. Тіпті соңғы екі айда 3 бірдей ардагер бақилыққа аттаныпты. Жасы 100-ге таяған, оның үстіне сұрапыл соғысты көрген қариялардың ішінде әлі тың, өзі жүріп-тұратындар да бар. Солардың бірі – Аманқұл Шарипов. 1926 жылы Қазығұрт ауданы, Жұмысшы ауылында дүниеге келген. Соғыс басталған уақытта колхозда жер айдап, егіс егіп, мал баққан. 1944 жылы әскерге алынып, соғысқа кете барған. «Әскер қатарына алынып, ат арбамен жолға шықтық. Содан пойызбен Семейге барып, соғысқа дайындалдық. Мен стрелок болып аттандым. Екінші Беларусь майданында шайқастық. Немістермен бетпе-бет кезігіп қалған кездер де көп болды. Қан майдан шайқасты күндердің бірінде минаға түсіп, үш метр жерге ұшырып жіберді. Құлақ содан естімей қалған. Кейін госпитальда емделіп шықтым. Бірақ ұрысқа қатыса алмадым, құпия жерде қару-жарақтарды жөндеп, іске жарамды етуге тырыстық», — дейді Аманқұл қария.
Бүгінде ардагерге күтім жасап отырған кенже келіні Гүлмира Шарипованың айтуынша, соғыс біткеннен кейін ата бірден елге оралмаған. Әскер қатарында жүріп, ұрыста алынған қалаларды тазалау, қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. Содан 1950 жылы елге оралып, 5 жыл Шеңгелді теміржол станциясында қарапайым қызметші болып жұмыс істеген. Зейнет жасына шыққанша құрылысшы болған. Аманқұл Шарипов «Ұлы Отан соғысының қатысушысы» орденімен, «За победу на Германием» және бірқатар мерейтойлық медальдермен марапатталған. Сонымен қатар, «Қазығұрт аудананың Құрметті азаматы» атанған, туған жеріне еңбегі сіңген ардагер.
Жары Мәриядан 10 перзент сүйіп, екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Осыдан 18 жыл бұрын Құдай қосқан қосағынан айрылған Аманқұл қарияға Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында әкімшілік баспана беріп қуантқан екен. Ардагер қала әкімдігіне алғысын білдіріп, еліміз тәжіндеттен аман шығып, жол ашылған соң пәтеріне көшетінін айтып отыр.
Бізге күніне 600 грамм нан ғана беретін
Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстағы дүрбелең оқиғалар да алыстап бара жатыр. Бірақ, келешек ұрпақтың бейбіт елде өмір сүруі үшін тер төккен баһадүр бабаларымыздың ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын ардагерлерге сый-сыяпат жасалып, пәтер кілттері табыс етілуде. Десе де, Жеңіс туын арқалап қайтқан кешегі азаматтар бүгінде 100-ге таяған қариялар. Олардың қатары күн сайын азайып, қаламызда санаулысы ғана қалды. 75 жылдыққа жетіп, Жеңіс күнін 96 жасында қарсы алған Шымкент қаласы Абай ауданының тұрғыны Асқар Утешов өзінің соғыс уақытындағы естеліктерімен бөлісіп, сыр шертті. Ташкент қаласында дүниеге келген Асқар ата жастайынан ән мен биге қызығушылық танытқан. Тіпті, консерваторияға баян тарту бөліміне оқуға түскен. Заманында таршылық көрген бала Асқардың арманы сол күйі орындалмай, машина құрастыру зауытында жұмыс істеген. Кешкі мектепте оқып жүріп, нәпақасын өзі еңбектеніп жүріп тапқан ол 1942 жылдың тамыз айында соғысқа 18 жасында аттанған. Польшамен шекаралас Белоруссиядағы Баранович қаласында 24 атқыштар дивизиясы, 86- отрядта борышын өтеген. «Соғыс деген жақсы сөз емес. Өлім. Аштық. Фашистер. Мен мұның барлығын өз көзіммен көрдім. Бізге күніне 600 грамм нан ғана беретін. Бірде станцияда азық-түлік тиелген вагонды қарауылдап тұрғанбыз. Сонда вагонды бекітіп жатқан кезде горох төгілді де кетті. Барлық солдаттар жиналып, оны қалтамызға салып, жегеніміз есімде. Үнемі аш жүретінбіз. Тағы бірде солдатпен постта тұрғанбыз. Бұталардың арасынан бір нәрсе қозғалғандай болды. Сөйтсек, әйел екен. Ұстап алып жауап алуға апарғанымызда тыңшы екені анықталды. Бірнеше күн өткен соң генерал шақырып алып, мені мадақтап 4 күнге елге жіберді», — дейді Асқар ата.
Расымен де, 1941-1945 жылдары қанша азамат жер құшты, қанша бала әкесінен, қанша ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды. Ауылдан тыныштық кетіп, сұрықсыз бір дүниеге айналды.
1945 жыл Жеңіс туын желбіреткен күні бір үйге қаралы қағаз келіп, қара жамылып отырса, екінші бір үйге жақсы хабар келетін. Соғысқа кеткен ұлдары аман-есен оралған ата-ананың қуанышында шек болмады. Бүгінде Шымкент қаласында тұратын 96 жастағы Асқар Утешов үшін жеңіс жылы ең бақытты сәттерінің бірі. Ол өзінің туған жеріне оралғаннан кейін бұрынғы жұмыс орнына орналасқан. 1951 жылы отбасын құрып, жұбайы Азиядан 4 перзент сүйген. Кейіннен Асқар ата Жетісайға көшіп келіп, зейнет жасына дейін автобазада слесарь болып жұмыс істеген. Жұбайы 2009 жылы о дүниелік болған, қазір қария Шымкентте қызы Гүлзада Туманованың қолында тұрады. «Мемлекетімізге алғысым шексіз. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін үнемі ұмытпайды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында Шымкент қаласының әкімдігі екі бөлмелі пәтер сыйлады. Жыл сайын ардагерлер үйінде демаламын. Мен қазіргі бейбіт заманның мәңгі болуын тілеймін. Біздің балаларымыз, немерелеріміз, ұрпақтарымыз ешқашан соғысты көрмесін!», — деп батасын берді Асқар Утешов.
Екінші дүниежүзілік соғысының тарихи сәті 9 мамыр Жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі. Жыл сайын кең көлемде тойланатын мерекеде ең алдымен ардагерлемізге құрмет көрсетіледі. Себебі, Жеңістің бас кейіпкерлері – майдангерлер! Жыл өткен сайын бізге бейбітшілік сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз! Аналар да, балалар да жыламасын, даламыз жұтамасын. Ұланғайыр кең даламызды соғыс өрті шарпымасын!
М.ЖАНЫСБЕКОВА