«Студенттерге төлеу оңай емес» – Аймағамбетов оқу ақысын көтермеу мәселесін айтты

928

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пандемия кезеңінде қаражаттан қиналған студенттерге қолдау көрсетуге шақырды.

«Пандемия салдарынан студенттер оқуына уақытылы төлеу мүмкіндіктері азайғанын көріп отырмыз. Жалпы, экономикалық ахуалды өздеріңіз көріп отырсыздар. Сондықтан ЖОО тарапынан да қолдау жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын және екі мәселеге тоқталғым келеді», – деді министр.

Ең бірінші министр қарызы бар студенттерге оқу ақысын бөліп төлеуге мүмкіндік беруді ұсынды.

«Біз жүргізген талдау нәтижесінде осындай мәселелер анықталды. Сондықтан бөліп төлеуге мүмкіндік қарастыруларыңызды сұраймын. Екіншіден, біз алған ақпаратқа сәйкес, біраз ЖОО қазір оқудың бағасын көтеруді жоспарлап отыр екен. Сондықтан бұл мәселе бойынша да сіздерге өтініш бар – осы ахуалды біле отырып, жоғары оқу орындарында бағаны өсірмеу. Бұл – өте маңызды. Сондықтан бұл мәселені сіздер қарастырып, тиісті шешім қабылдайды деп сенемін», – деді Асхат Аймағамбетов.

Жиында министр ЖОО-ларды қолдау бағытында кешенді жоспар әзірленіп жатқанын айтты.