Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен Түркістан өңіріне гуманитарлық көмек келді

1037

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударып, жиналған 27 млн.теңгеге ел аумағында орналасқан медициналық ұйымдарды 25 дана оттегі концентраторымен  қамтамасыз етті.    

«Әрбір ұйым әлеуметтік жауапты болуы тиіс.
Қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіміздің дәрежесін түсіне отырып, біз ауруханаларға оттегі концентраторларын сатып алу үшін бір күндік жалақыларымызды аудару маңызды және қажет деп есептедік. Сол арқылы СOVID-пен қарсы күреске жанашырлық танытамыз», — деді Агенттік төрағасы А. Шпекбаев.

Осыған орай, бүгін тыныс алу жолдарының аса ауыр ауруларын емдеуде қолданылатын және өнімділігі минутына 10 литрді құрайтын  бұл оттегі концентраторларының 2 данасы Түркістан өңіріне де жеткізіліп, «гуманитарлық көмек – ТЕГІН» арнайы мөртаңбасымен таңбаланған медициналық заттар Агенттіктің Түркістан облыстық Департаментінің қызметкерлерінің бақылауымен облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына қабылдап алынды.

Бұдан бөлек,  бүгін Түркия елінен  де гуманитарлық көмек көрсетіліп,  облыстағы медициналық емдеу мекемелері 7 дана «Рифампицин» 125 мг ампулалық препараттарымен толықты.
   
Өз кезегінде, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен шет мемлекеттерден келген гуманитарлық көмектің облысқа қарасты қала/аудандарға  толық тасымалдану барысына және сұранысқа ие дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығына тұрақты негізде мониторинг жұмыстары жүргізілуде.