Түркістанда табиғи газды тұрғын үйге кіргізу бағасы арзандады

1494
Қазіргі таңда Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Табиғи газды тұрғын үйге кіргізу құнын төмендету жұмыстары реттелді. Мәселен, бұған дейін табиғи газды жеке тұрғын үйге кіргізу бағасы – 106 000 теңге болып бекітілсе, қазір 85 000 теңгеге төмендеген.

Облыс орталығы тұрғындарымен кездескен «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов тұрғындар үшін жалпы соманы бөліп төлеуіне жағдай жасалғанын жеткізді.

«Түркістан қаласын газдандыру ісі бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі. Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен бұл бағыттағы шараларды жүзеге асырып жатырмыз.  Көгілдір отынды үйге дейін кіргізу жұмыстарын 80 мыңға дейін төмендеттік. Ал, 6 мың теңге газ өшіп қалғанда тұрғындар газға тұншығып қалмас үшін, ауаны тазартатын құралдың бағасы. Оның 1000 теңгесі газ құбырын жүргізуші мердігер мекеменің есебінен төленіп отыр. Жалпы, үйге дейін газ кіргізудің жалпы сомасы 85 мың теңге болып бекітілді. Сондай-ақ, тұрғындар 85 мың теңгені үш бөліп төлеуге де мүмкіндігі бар. Бірінші кезеңде құжаттамалар жасау үшін 30 мың теңге төлейді. Құжаттамалар толығымен аяқталғаннан соң газ құбырының ішкі құрылыстары жүргізілетін тұста 30 мың теңге төлейді. Құрылыс жұмыстар толығымен тәмамдалып, газды қосатын кезде қалған 25 мың теңгесімен есептесетін болады», – деді Нұрмахан Миятұлы.

Айта кетерлігі, биыл Түркістан қаласының тұрғындарының 60 пайызға жуығы табиғи газбен қамтылады. Ал, 2020 жылы қала толығымен табиғи газбен қамтылмақ. Қаланы газбен қамту 3 кезеңмен жүзеге асырылуда. І-кезеңнің жұмыстары бойынша 10 518 абонентке газ құбыры жүргізіліп,  43 мыңға жуық қала тұрғынына табиғи газ берілді. Бүгінде ІІ-ІІІ кезеңнің құны 20 млрд. 271 млн. теңгені құрайтын 11 жоба әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі