«ТАҒДЫРЫ ТАРИХПЕН ТАМЫРЛАС ТАЛАНТ»

1862
Әдеби конкурс
Жуырда құрылған Шымкент қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігі 2019 жылы көптеген іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Солардың бірі – белгілі жазушы, шежіреші, тарихшы Момбек Әбдәкімұлының шығармашылығына арналған «Тағдыры тарихпен тамырлас талант» атты әдеби конкурс. Ол жазушының 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылады,деп хабарлайды Ardak.kz.
Конкурстың негізгі мақсаты – жазушы Момбек Әбдәкімұлының тарихи романдары мен дедективті хикаяларына, шежіре кітаптарына, ғылыми мақалаларына көпшілік назарын аудару. Сонымен бірге жазушының Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған ойлармен сабақтасып жататын тарихи тақырыпта жазған еңбектерін оқырманға жақын таныстыру, еңбектерінің оқырман тарапынан қалай бағаланғанына, сондай-ақ шығармаларындағы тіл шұрайлылығына, оқиғаларды құрастыру барысындағы шеберлігіне талдау жасау.
Конкурсқа Момбек Әбдәкімұлының шығармалары туралы сараптамалық әдеби талдау және публицистикалық мақалалар, арнау өлеңдер мен толғаулар қатыстырылады.
Конкурсқа түскен шығармалар ішінен төрт үздік жұмыс іріктеліп, оларға арнайы жүлде беріледі:
Бірінші орын – 100 мың теңге;
Екінші орын – 50 мың теңге;
Үшінші орын – 25 мың теңге (екеу).
Жұмыстар конкурсқа мына тәртіппен ұсынылады:
Конкурсқа қатысушылардың жастарына шек қойылмайды.
Өлеңдер мен толғаулар 4 беттен, мақалалар 10 беттен кем болмауы тиіс. Бір автор бір жанр бойынша ғана қатыса алады.
Жұмыстар А форматында, 14 кегельде терілуі керек.
Конкурсқа жіберілетін материалдар қағазға басылған нұсқада бүркеншік атпен үлкен конвертке салынып, жіберілуі керек.
Автордың шын аты-жөні басқа кішкене конвертке салынып жолдануы тиіс.
Жұмыстар Шымкент қаласы, Б.Момышұлы даңғылы, 20 үйде орналасқан Абай атындағы кітапхананың әдіскерлер бөліміне қаңтардың 30-ынан наурыздың 10-ына дейін қабылданады.
Конкурс жеңімпаздары наурыз айының аяғында анықталып, жүлделер «Қаламгер» бірлестігі ұйымдастыратын үлкен жиында салатанатты түрде табыс етіледі.