Ташкенттің қақ ортасынан құны млн доллардан асатын алтын қазына табылды

1800
Өзбекстан Ұлттық университетінің ғалымдары Ташкенттің қақ ортасынан құны миллион доллардан асатын алтын қазына тауып алды. Бұл туралы Kun.uz интернет басылымы жазды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Асыл бұйымдардың көпшілігі 80 жыл бұрын жоғалып кетті деп саналған. Қазына 1870 жылы салынған ғимараттың астындағы құпия жертөледен табылды.
Оған апаратын жол бұзылып, жабылып қалған болатын. Құнды заттардың арасында құйма алтын, күміс, монеталар, бағалы заттар, ыдыс-аяқ, мүсіншелер, бір кездері Санкт-Петербургтен, Еуропадан жер аударылған адамдардың бұйымдары, князь Романовтың Ташкенттегі сарайының коллекциялары, кітаптар, т.б. бар.
Сондай-ақ ХІХ ғасырда жасалған алтын микроскоп, XVIII-XIX ғасырларда жасалған алтын жалатылған фолианттар, өзбек ғұламаларының XII ғасырға тән қолжазбалары, өзбек хандықтарының құжаттары да кездесті. Табылған бұйымдардың тарихи құндылығы мол болғандықтан, мемлекет қорғауына алынды.