Теннис: Путинцева Сидней турнирінің екінші айналымына шықты

942
Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Сидней турнирінің алғашқы айналымында австралиялық Дарья Гавриловамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Австралия елінің намысын қорғап жүрген, тегі ресейлік Д.Гаврилованың дүниежүзілік рейтингте он саты жоғары тұрғанына қарамастан, бірінші партияда қазақстандық теннисші айқын басымдылық көрсетті.
Жарты сағатқа созылған сетте Ю.Путинцева қарсыласына бір ғана гейм беріп, 6:1 есебімен ұтты. Екінші партия әлдеқайда тартысты өрбіді.
Есеп 5:3 болып тұрған мезетте қазақстандық спортшы қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Ақыры Д.Гаврилова таразы басын теңестірді — 5:5. Есеп 6:6 болғаннан кейін тай-брейкке ұласты.
Мұнда Ю.Путинцева басымдылық таныта білді — 7:4. Бәсеке 1 сағат 42 минутқа созылды. Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Слоан Стивенс немесе ресейлік, рейтингте 72-орында тұрған Екатерина Александрованың біреуімен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның осы жарыстың іріктеу сайысының финалында өзінің отандасы Зарина Диясты жеңгенін жазған болатынбыз. Жүлде қоры 823 мың АҚШ долларына бағаланған Сидней турнирі 12 қаңтар күні мәреге жетеді. Бұл жарыс та Австралия ашық чемпионаты алдындағы теннисшілердің «ащы терін» алатын турнирлердің бірі болып есептеледі. Бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте Ю.Путинцева бұрынғы орнында қалса, З.Дияс 89-дан 98-сатыға сырғып кетті. Ерлер арасында Михаил Кукушкин үш саты төмендеп, 56-орынға орнықты.
Елжан Ералы