«Тоқаев өзіне жаңа дұшпандар тапқысы келмеді»: Данияр Әшімбаев кадрлық ауыс-түйіс туралы

1174
Танымал саясаткер Данияр Әшімбаев елімізде президент сайлауынан кейін болған кадрлық ауыс-түйіске қатысты пікір білдірді. Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадр саласындағы кез келген қателігінің саяси қатері бар екенін айтты.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «ИАЦ» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Кадр саясаты туралы айтар болсақ, екі үрдісті атап өту керек. Біріншіден, Тоқаев оқыс қадамдарға бейім адам емес. Тоқаевтың жаңа басшыларды тағайындап, олар үшін өзіне саяси жауапкершілік жүктейтіні анық. Оның кадр саласындағы кез келген қателігінің саяси қатері бар. Сонымен қатар Тоқаевтың президент атанғанына небәрі 3 айға жуық уақыт өткенін еске саламын. Осы уақыт ішінде мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамын білу оңай емес. Менің пікірімше, президенттің сақтығынан бөлек, мұның бәрі оны жаппай ауыс-түйіс жасаудан тоқтатып тұр», — дейді Әшімбаев.
Өз сөзінде ол көпшілік кадрлық құрамда, Президент әкімшілігінде, үкіметте және әкімдер корпусында айтарлықтай ауыс-түйіс болады деп күткенін атап өтті.
«Нәтижесінде мемлекет басшысы консервативті жолды таңдады. Дүйсенбі күні таңертең тағайындаулар айтарлықтай көп болады деп күтілген еді. Бірқатар өңірде жаңа әкім тағайындалады деп күтілгенімен, орталық органдарды қайта құру туралы жарлықтар шықты.
Белгілі бір қарсы қимылдар болды деп ойлаймын. Мүмкін тиісті кеңестер болып, соның нәтижесінде кейбір кадр мәселелері кейінге қалдырылған болар. Бір жағынан, Тоқаев тұңғыш президентпен арада түсінбеушілік туындағанын қаламаған болар. Екінші жағынан, ол еліміздегі саяси ахуалдың қиындағанын ескеріп, өзіне жаңа дұшпандар тапқысы келмеді. Сондықтан президент аздаған ауыс-түйіспен шектелді», — дейді Данияр Әшімбаев.