Тоқаевтың нұсқауымен Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді

1457
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен 7-9 мамырда Сирия Араб Республикасынан 230-дан астам Қазақстан азаматы, оның 156 мектепке дейінгі жастағы балалар елге көшірілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі мемлекет басшысының баспасөз хатшысына сілтей отырып.
Елге оралған 156 баланың 18-і қамқоршысынан айырылған жетімдер.
Бұл ауқымды гуманитарлық акция осы жылдың қаңтар айында Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен табысты жүзеге асырылған «Жусан» операциясының жалғасы болды.
Қазіргі уақытта үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері соғыс аймақтарына кездейсоқ тап болған қазақстандық азаматтар үшін оңалту қызметін жүзеге асыруға баса назар аударуда.
«Қазірдің өзінде бұл жұмыстың оң нәтиже бергенін айтуға болады. Осы жылдың қаңтар айында оралған әйелдер радикалды бағытта болған өткен өмірін артты қалдырып, жұмысқа орналасты, туыстарымен қарым-қатынасты қайта жаңғыртты. Ал, ол елден оралған балалар мектептер мен балабақшаларға барды», — делінген хабарламада.
Жарияланған ақпаратта ел билігінің күшімен Сириядан көшірілген Қазақстанның барлық азаматтарының «лаңкестердің жойқын және жалған насихат әрекеттерінің әсерімен ағат қылық жасағаны» айтып өтілген.