Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

1121

Мемлекет басшысы еліміздегі мұсылман жамағатын қауіпсіздік талаптарын сақтап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

Президент құттықтауында Рамазан – күллі мұсылман қауымы үшін рухани тұрғыдан жаңару кезеңі екені және ораза айында өзара сыйластық пен мейірім, ізгілік пен кешірім сияқты асыл қасиеттер дәріптелетіні айтылған. Сондай-ақ, бұл айда жұрт көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге, сауапты іс атқаруға ұмтылатынын атап өткен.

«Ислам дінінің осындай мызғымас рухани құндылықтары мен жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Өкінішке қарай, биыл да Рамазан айы күрделі кезеңде өтетін болды. Жұқпалы дертті ауыздықтау үшін барлық шаралар жасалуда», – делінген құттықтауда.

Мемлекет басшысы еліміздегі мұсылман жамағатын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауға шақырады.

«Біз бұл сынақты ауызбіршілік пен жауапкершіліктің арқасында еңсеретініміз сөзсіз», – деп өтті Тоқаев.