ТӨРТКҮЛ ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒА

83
Мерей
Мархабат БАЙҒҰТ — 75
Жазушы, журналист, драматург, аудармашы Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының «Қазақстандық Швейцарияға» баланатын Түлкібас ауданындағы таупісте өсетін Пістелі ауылында дүниеге келген. Оның есімі қайырымдылық, мейірімділік, мейірбандық, рақым, рақымшылдық, шапағат, шарапат, өтінемін, тәңір жарылқасын, Құдай тілеуіңізді берсін, құп болады, рақым етіңіз, түк те емес, ал керек болса, қарай көр өзін деген сияқты мінәйім мағыналарды білдіреді екен. Махаңның өмір және шығармашылық жолын кезең-кезеңімен саралап, сараптап көргенде бұған біріңіздің көзіңіз анық жетеді.
Ол аудан орталығы – Ванновка селосындағы (қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылы) Абай атындағы мектеп-интернатта оқыған. Есейе келе өзінің шәкірттік шағы жайында «Интернаттың баласы» деп аталатын хикаят жазған.
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін бітірген. Сібірде, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеген. Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде көп жылдар бойы әдеби қызметкер, мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болған. Шымкентте пәтер жалдап тұрған. Ауылына әр жұмада барған. Кейіннен қызмет орны оған пәтер әперген.
Жалындаған жиырманың үстіне шыққан жас жігіт кезінен-ақ баспасөз бетінде алғашқы әңгімелері жариялана бастаған. Облыстық газетте қызмет істеп жүргенде Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген кітаптарға рецензия жазуға әбден машықтанған. Олардың кейбіріне ғана тоқталып өтейік: «Ән шырқайық» атты ән мәтіндері кітабына (құрастырған К. Қуатбаев, 1974 жыл) М. Марханов деген әдеби бүркеншік есіммен жазған «Ән — көңілдің ажары» деп аталған рецензиясы облыстық газеттің 23 қазан күнгі санында жарық көрген. Сол жылы шыққан «Беташар: қыз-келіншек жырлары» атты кітабына және «Қанат қақты» атты жас ақындардың жыр жинағына жазған «Қарлығаштар қанат қақты» деп аталатын рецензиясы облыстық газеттің 1975 жылғы 9 қаңтардағы санында жарияланған.
Қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевтың «Сарбағанда болған оқиға» атты хикаяттар жинағына (1975) жазған осы аттас рецензиясы М. Марханов деген әдеби бүркеншік есіммен облыстық газеттің 1976 жылғы 4 наурыздағы санында жарық көрген.Жазушы Нығмет Төлендиевтің «Ар туралы аңыз», «Жаза» деректі хикаяттарына (1975) әріптесі Захардин Қыстаубаевпен бірге жазған «Үмітті қадам» деп аталатын реценциясы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1975 жылғы 26 желтоқсан, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 1977 жылғы 21 қаңтар
күнгі сандарында жарияланған. Қаламгер Еркінбай Әкімқұлұлының «Қош бол, альбом!» атты әңгімелер мен хикаяттар жинағына (1976) енген «Сенім», «Ескерткіш», «Тотының сыры», «Кездесу», «Біздің де бала-шағамыз бар», «Жеке телефон», «Момындар үлесі», «Редакцияға хат», «Сәлемдеме», «Үйленгім келмейді» әңгімелері мен «Жанарым — жарық дүнием», «Қош бол, альбом!» хикаяттарына жазған рецензиясы облыстық газеттің 1977 жылғы 19 наурыздағы санында жарық көрген. Сонымен қатар ақын Дәмеш Берсүгірованың «Саржайлау» поэмасына жазған рецензиясы республикалық «Жұлдыз» журналында жарияланған.
Орда бұзар отыздан асқанда, дәлірегі 1978 жылы «Шілде» атты тұңғыш кітабы шыққан. «Мархабат —тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы… Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істей жүріп неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Әдеби көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді», — деп жазған екен Тәкен Әлімқұлов сонда.
Қылшылдаған қырықтың қырқасына шыққанда қамал алып, облыстық партия комитетінде біраз уақыт нұсқаушы болып қызмет істегені бар. Сол тұста Ғафу Қайырбеков зайыбы Бәдешпен бірге Тоқаш Бердияровтың алпыс жасқа толған мерейтойын тойлауға Келес ауданына келген болатын. Бұл жайлы жазған «Өріктердің бастары қызыл жалқын» деп аталатын естелік-эссесі бар.
Ердің жасы – елуге келгенде де елеусіз қалмаған. Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облысаралық (Шымкент, Жамбыл, Қызылорда), Шымкент облыстық бөлімшесінің жетекшісі болып қызмет істеген. Облыс әкімшілігі аппаратында ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, облыстық тіл басқармасының бастығы болған. Туған жерінде өткен мерейтойға келген қадірменді қонақтар, қазақ, өзбек қаламгерлері аудан әкімдігінің ұйғарымымен жазушыға арнайы бөлініп берілген жер теліміне алма, өрік ағаштарының көшеттерін отырғызған. Сол бау қазір жетіліп, жеміс беріп жүр. Мәрмәр тасқа: «Шерхан Мұртаза, Насыр Фазылов бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деп оймыштап жазылып қойылған. Сол кезде көзге түскісі келген аудандағы әкімқаралар мәртебелі меймандарға: «Мархабаттай жазушымызға қосқабатты тұрғын үй салып береміз, соның іргетасын Сіздер қалаңыздар!» — деп қолқа салған. Сөйтіп, Насыр Фазылов, Шерхан Мұртаза, Қалдарбек Найманбав, Ахат (Ахметжан) Жақсыбаев, тағы басқа да жиырмашақты жазушы ағалар білек сыбана тас қалаған көрінеді.
Асқаралы алпыс жастан асқанда да Ақ үйде қызмет істеп жүрген. Облыстық тіл басқармасының бастығынан Қазаақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне тікелей қарасты облыстық басқарма бастығының орынбасары, кейіннен басқарма бастығы болған. Төрт томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Баубектейін баласынан айырылып, ақырып, «Аһ!» ұрған. Алайда, бұл қасіретке қасқайып қарсы тұрған қаламгер онымен күресіп, жеңе білген. Баубегіне арнап «Әдебиет пәнінің періштесі» деп аталатын хикаят жазып, өзін сабырға шақырғандай болған. «Мархабат Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» атты хикаятын толқымай,
тебіренбей, тітіркенбей, түршікпей оқу мүмкін емес. Ана тіліміздің ең мәйектерін тауып, ұлтына ұсынуы тіліміздің тереңдігін, ғажайып сұлулығын, кіршіксіз тазалығы мен мөлдірлігін жеткізуі оны хас талант иесі екенін шүбәсіз дәлелдейді», — деп жазған Сайлаубек Жұмабек.
Басқарма бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырмастан Сауытбек Абдрахмановтың қолқа салуымен республикалық «Егемен Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің жүргінші тілшісі ретінде Шымкентті шарлап, Жамбылды «жаулап», Қызылордада қыдырыстаған. Басылым бетіне сан түрлі тақырыпта көлдей-көлдей мақала жазған. «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты акцияның авторы әрі тұрақты жүргізушісі болған. Сөйтіп, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Нұрлан Оразалин, Есенғали Раушанов, Қасымхан Бегманов, тағы басқа қаламгерлерді жалпақ жұртшылықпен жүздестірген. Кейіннен «Ырыс алды — ынтымақ» форумын өткізуге бастамашы болған. Бүгінде аталмыш қоғамдық ұйымның атқарушы хатшысы.
Жетпістің жотасына шыққанда қостомдық шығармалар жинағы баспа бетін көрген. Туған жеріндегі мерейтойының мәністі өткені де жадымызда.
Ең бастысы – кезінде жерлес ақжағалы атқамінерлер уәде беріп, алдап кеткен баяғы қосқабат үйдің орнына балалары саяжайлық бір қабатты үй салып берген. Сол жылы үлкен-кіші біраз әріптестерімен бірге Шымкенттен жетпіс шақырым жердегі Шұбайқызыл шоқысына дейін жаяу жүріп өткен. Түлкібас ауданында «Таупістелі тағылымы» деген іс-шара, «Шырайлым —Шұбайқызылым», «Ақсу-Жабағылы алауы — Шұбайқызыл жалауы» дейтін әдеби-көркем фестиваль, «Мархабат оқулары» жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұған биыл «Мархабат шыңы» атты жастар арасындағы шығармашылық байқау қосылып отыр. Осылайша «Мархабат Мирас» қоғамдық қорының талай ізгілікті де игілікті іс-шараларға ұйытқы болып жүргені баршаға мәлім. «Арманым — балаларды баурап, жастарды «жаулап» аларлықтай кітап шығару» дейтін қаламгер мақсат мұратына жеткен сыңайлы.
Кезінде қазақ поэзиясының сұлтаны атанған Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Абайды оқы, таңырқа!» — деп жар салса, Атырау қаласындағы №2 сотының төрағасы Мирамбек Нағашыбай «Абайды оқы, жалықпа!» , — деп жүр. Абайды оқуға арнап «Бес асыл іс. Бес дұшпан» атты керемет кітапша шығарған Мархабат Байғұт: «Абайды оқы, орында!» — деген мәніске шақырып отыр.
Былтыр Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Әпкемнің ауылы» атты әңгімелер жинағы алғашқы айналымдағы сараптауда өзгелерден оқ бойы озғанымен, өкінішке орай, оны кейінірек жарыс жолынан шығарып тастаған. Сонда бір топ шымкенттік зиялы қауым өкілдері «Біздің Мархабатымыз Мемлекеттік сыйлықты бұрын алып қойған екен», — деп жұбатқандай сыңай танытқан. Ал оның өзі: «Енді бұл сыйлыққа түспеймін», — деп бір-ақ кесіп айтқан.
«Бүгінгінің Бейімбеті» деп бедерленіп жүрген Мархабат Байғұттың — эстет эссеист қаламгер екені баршаға белгілі. «Тылсым Тәкен», «Сындағы күйші» (Әлімқұлұлы), «Асқар аңсар немесе «Бесатар» хикаятын оқығанда»
(Сүлейменов), «Қарауылбек рухымен сырласу» (Қазиев), «Қайырымды қала іздеп жүрсіз-ау, қайран аға…» (Мекемтас Мырзахмет), «Баукең бата берген» (Ханбибі Есенқарақызы), «Сүйінші, сүйінер суреткер бар!» (Нұрғали Ораз), «Сирек сыбызғы» (Нармахан Бегалыұлы), «Менің Шукшинім» (Василий Макарович), «Капитан көке» (Әбжапар Жылқышиев), «Бірегей Бердібектің бер бағасын…» (Соқпақбаев), «Қаранар қаламгерлер» (Алтынбек Жолдасбеков, Сәуірбек Бақбергенов), «Егіз қозыдай екеу» (Сабырхан Асанов, Әсет Бейсеуов), «Кеңсай күнгейіндегі көршілер» (Бауыржан Момышұлы, Тұтқабай Иманбекұлы), «Сәуірдің самалы» (Қалаубек Тұрсынқұлов, Қалдарбек Найманбаев), «Сіздің Сайлаубегіңіз» (Жұмабек), «Көркем жазу сабағы» (Нәсіреддин Серәлиев), «Ер Қаныбек ер-тұрманы бүтінделмей өтсе де…» (Сарыбаев), «Жылы жақтағы жалғызым» (Жәлел Кеттебек), «Шыңдағы Шерағаң» (Мұртаза), «Баркөрнеу бар қазаққа көрінеді» (Бексұлтан Нұржекеұлы), «Менің курстастарым» (Ақжамал Манкеева, Зинол-Ғабден Бисенғали), «Аға-досқа арзу хат» (Дулат Исабеков), «Көркемдінің Кербұғысы» (Оралхан Бөкей), Тәкең және Сәукең (Әлімқұлұлы, Сауытбек Абдрахманов), «Елшіл. Алашшыл. Ұлтжанды» (Дархан Мыңбай), «Қараүзген қаламгер» (Несіпбек Дәутайұлы), «Түркі текті Темірханға» (Медетбек), «Әбігерлі Әбілда» (Аймақ), «Эйфельдейін мұнараның маңында (қырғыз қаламгері Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтан тәржіма), «Аға әзілдерін аңсаймыз» (өзбек жазушысы Насыр Фазылов), тағы басқалар жайлы жазыңқырағаны осы айтқанымызға толықтай дәлел бола алады.
Махаңның драмалық шығармалары сахнаның сәнін келтірген. Атап айтқанда, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ академиялық драма театрында қойылған «Қарлығаш әулие — Төле би» (Шойбек Орынбаймен бірге жазған), «Бозторғайдың ұясы», «Көксу комедиясы», «Жоғалған Жұрнақ», «Әттең-ай, әттең…», «Асқаровтың аққайыңдары» атты пьесалары жайлы көзіқарақты көрермен қауым ыстық ықыласқа толы пікір білдірген. Аудармашы ретінде Василий Макарович Шукшин, Юрий Покальчук, Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың шығармаларын, Уашингтон Ирвингтің Мұхаммед Пайғамбар туралы кітабын төл тілімізде сөйлеткен. Ал өзінің шығармалары орыс, украин, өзбек, қарақалпақ, түрік, саха (якут) тілдеріне тәржімаланған.
Жетпіс бесінде оқырман қауымға жеті томдық шығармалар жинағын ұсынып отыр. Жазушы-драматургтың Қазақстан Рспубликасы Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Тіл саясаты комитетінің қолдауымен шыққан жеті томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілген. Бес мың таралыммен шыққан көптомдық еліміздің барлық кітапханаларына таратылған. Шымкенттегі Александр Сергеевич Пушкин атындағы Түркістан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен «Қаламгердің көркемдік құпиясы» атты әдеби кещте сол көптомдықтың түсауы кесілген.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасымен жарық көрген қазақ әдебиетінің 64 авторынан тұратын «Қазақ поэзиясының антологиясы» мен «Қазақ
прозасының антологиясы» атты қостомдығы 60 мың таралыммен Біріккен Ұлттар Ұйымының ағылшын, француз, испан, орыс, араб, қытай секілді негізгі алты тіліне аударылып отыр. Бұл — шын мәнінде орасан зор мәдени оқиға. Шетелдік басылымдар мұны әлем әдебиетіндегі жаңа тыныс, жаңаша бір кезеңнің басталуы ретінде бағалауда. Аталмыш антологияға ұлт әдебиеті деңгейіне көтерілген шығарма иесінің, әңгімедей әулие жанрдың шынайы шеберінің «Гамбургтегі қазақтар» атты әңгімесі енген. Бұл жауһар жинақ дүние жүзінің 93 еліндегі кітапханалар, университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтарына таратылған.
Сөз орайы келгенде бұған дейінгі «Бүкіләлемдік әдебиет кітапханасы» сериясымен шығарылған 200 томдық академиялық жинаққа Орталық Азия мен Қазақстаннан тек Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы ғана енгенін тілге тиек ете кетейік. Тіпті, мұндай мүмкіндіктен қырғыздың төрткүл әлем таныған қаламгері, «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Төреқұлұлының шығармалары да шеттеп қалған екен.
Әлгі «Гамбургтегі қазақтар» әңгімесінде мына өмірдің — күйбең тірліктің көркем өріміндегі юмордың шынайылығы айрықша көз тартады. Онда ресми атауы «Бірлік» болғанымен, ел аузында «Гамбург» аталып кеткен неміс ауылының жай-күйі сөз болады. Әңгімеде тарихи Отанына көшкен неміс көршілерінің үй-жайын, қора-қопсысын, малдарын бір-біріне бәсекелестіктерін білдірмей тұрып, жанталаса саудаласып, қарызданып-қауғаланып иемденген Көктерек ауылының тұрғындары, бұрынғы атқамінерлер — бас экономист Нәтибек, партком хатшысы Немеребай, бухгалтер Шөберебай тәрізді қазақтардың тұрмыс-тіршілігіндегі әр алуан жәйттердің шындығы, әсіресе бәріне ортақ жайбасарлық, жалқаулық, мақтангершілік тәрізді келеңсіздіктері мақтамен бауыздағандай әсер қалдырады. Керісінше, ерлі-зайыпты Ганс Вайслер мен Кильданың бейнесінде немістердің еңбексүйгіштігіне, тазалыққұмарлығына, кірпияздығына, кемсөздігіне таңдай қағасың. Тіпті, қазақтың тілін ғана емес, ділін де үйреніп, мақал-мәтеліне дейін меңгеріп алғаны үлгі-өнеге етіледі.
Енді бір сәт әріптес қаламгерлердің Махаң жайлы жазған пікіріне құлақ түрелік: «Қазір Мархабат Байғұтовтың нағыз көсілер шағы. Біз оған көп жаз демейміз. Өйткені, ол — өз кейіпкерлерін жанымен ұғып, жүрегімен танымайынша қолына қалам алмайтын жазушы. Тек біздің бір білетініміз –Мархабат Байғұттың қазіргі қазақ әдебиетінің үлкен үміт күтіп отырған ортаңқолдай өкілі екені» (Қалдарбек Найманбаев).
«Мархабат Байғұт — Бейімбет Майлиннің өнегесін жалғастырушы ғой. Бейімбет әңгімелері Мархабат әңгімелерімен ұштасып жатады. Мұндай дарын, мұндай өнер кез келген жазушының қолынан келе бермейді. Мархабаттың күштілігі де осында» (Тұтқабай Иманбеков).
«Әдебиетті көп адам жасамайды. Әдебиет — жеке адамдардың еңбегінің жемісі. Біздің тәуелсіз еліміз енді-енді еңсе көтеріп, өркениетті, дамыған елдердің қатарына енді-енді қосылып келеді. Бұл жолда жеңісіміз де, шегінісіміз де, дағдарысымыз да аз болмады. Бұдан кейін де төрт құбыламыз түгел, уайым-қайғысыз өмірге оп-оңай қойып кеткелі
отырғанымыз жоқ. Алдымызда қыруар жұмыс күтіп тұр. Демек, әдебиеттің де алатын қамалдары мен асатын биіктері аласармақ емес. «Где все хорошо, там писателю делать нечего», — депті ғой Бернард Шоу деген ағылшындық қаламгер. Ал, бізде проблема көп. Проблема көп жерде жазушы ауадай қажет. Себебі, сол проблемаларды жолға қою үшін қара күш, дөрекі сөз емес, Бернард Шоудың юморындай мәдениетті мысқыл, уытты сарказм керек. Ондай юмор мен сарказмның иесі арамызда жүр. Оның аты-жөні — Мархабат Байғұт» (Дулат Исабеков).
«Біздің қазақ әдебиетінде Оңтүстік мектебі бар десек, қалай қарайсыз? Мысалы, Қарауылбек Қазиевтен бастап, осы Мархабат Байғұтты қосып айтқан кезде соңы келіп Нұрғали Оразға дейін тірелгенше бәрінің стилінде ортақ бір ұқсастық бар сияқты. Ішкі иірімі үйіріп әкететін жылы ағыс бар» (Жүсіпбек Қорғасбек).
«Махаңды бүгінгінің Бейімбеті» дейді сыншылар. Бұл тегін айтылған сөз емес, Махаңда Майлиннің стилі бар. Тіпті Николай Васильевич Гоголь мен Антон Павлович Чеховты да көп оқығаны көрініп тұрады» (Қуандық Түменбай).
«Мархабат жазған «Банктің иттері» деген әңгіме өте қызық. Мархабат Байғұт көп оқиды, көп ізденеді. Мынау сол көп ізденудің нәтижесінде туған әңгіме. Бізде қазір «жаңа қазақ» дейтін ұғым пайда болды. Көбіміз мазақтаймыз мұны… Бұлардың пірлері жоқ. Қазақтың алдыңғы буынын пір тұтпайды, бұлар бір-ақ нәрсені пір тұтады. Ақша. Бұларды компьютер қалыптастырған. Ұлттық мәдениет емес, кәдімгі компьютерде қалыптасқан жаңа қазақтар, ерекше қалыптасқан. Олармен күнде кездесіп жүрміз, бұлар алдыңғы буынның жақсы қасиеттерін де алмаған, олардың құндылықтарын да құндылық деп есептемейді, бұлар алдыңғы буыннан мүлде үзіліп қалған. Алдыңғы буыннан шорт кесіп тастаған сияқты. Бұларға ұлттың мүддесі, ұлттың мақсаты деген көк тиын. Осының бәрін «Банктің иттерінде» Махаң ашады. Бір қызық нәрсе, бұл адамдар туралы емес, кәдімгі иттер туралы. Банк иттерінің жүні жылтырап жүреді, өйткені банкте күнде әртүрлі жиындар болады ғой. Содан қалған тамақты жаңағы иттерге береді. Осыны оқығанда жаңа қазақтарды қатарластыра еске түсірдім де отырдым. Кейіпкер нанын көрсетіп, иттерді шақырады ғой. Ана иттер келмейді, жақындамайды. Сонда: «Бұлар жаңа қазақтар сияқты ара қашықтықты сақтайды», — деп айтады. Иттерді суреттеу арқылы жаңа қазақтарды суреттеп, соған баға берген» (Әмірхан Меңдеке).
Қыза-қыза келгендердің арасынан қыз-келіншектер жайлы жазғанда Махаң Онере де Бальзак пен Бексұлтан Нұржекеұлынан да озып кетіп, олардың алдына түседі екен деушілер де табылған.
Мархабат Байғұт — жазушы, журналист, драматург, аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2004). «Құрмет» (1996), «Парасат» (2014) ордендерімен, «Ерекше қызметі үшін» медалімен (2007), Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен (2007) марапатталған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік стипендиясының иегері (2010). Қазақстан
Жазушылар одағы Халықаралық «Алаш» Халықаралық сыйлығының (1996), Тұрар Рысқұлов атындағы сыйлықтың, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, түбі бір туысқан Түркияның «Түркі дүниесіне сіңірген қызметі үшін» сыйлығының лауреаты. Республикалық «Жалын» баспасы белгілеген сыйлықтың екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының үш дүркін иегері. Қазақстанның Құрметті журналисі (2009). Түркістан облысының Құрметті азаматы (2007). Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы.
Өнегелі отағасы. Зайыбы — Қыздаркүл Байғұтова (1949) ұзақ уақыт бедерінде кітапханашы болып істеген. Қазір құрметті демалыста. Қызы — Ақлима (1969) Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры.Ұлдары — Нұрлан (1974) Түлкібас ауданының әкімі, Дулат (1977) Түркістан облыстық балалар аурухананасының нейрохирургі.
Рухани қазына-байлығы (мүкәммалы) мол Мархабат Байғұтты төрткүл әлемге танымал тұлғаға теңеуіміздің ешқандай сөкеттігі жоқ шығар деп ойлаймыз. Күншуақты өңірдің – түрленген Түркістан мен шырайлы Шымқаланың паспортына айналған марқасқа Махаңа мерейтойыңыз құтты болсын, жазар әдеби көркем дүниелеріңіз бен оны оқитын ойлы оқырмандарыңыз көп болсын деген ізгі ниетіміздің білдіргіміз келеді. Шынайы ниетпен айтылған «Сексеннен секіріп өтіп, тоқсанға тоқтамастан, жүзге жетіңіз!» — деген ізгі тілегімізді қабыл алғайсыз!
Әбдісаттар ӘЛІП,
ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкент қаласы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз