Түркістан облысына Англиядан келген қазақ тұқым қуалайтын ауруларды емдеуде

990
Түркістан облысында Англиядан келген жас ғалым Рауан Қайыржанов пен оның әріптесі Генри Холден тұқым қуалайтын дертке шалдыққан тұрғындарға көмек көрсетуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әлемдік медицина мэтрлері неврология және нейрогенетика профессоры, University College of London неврология институтының нейрогенетикалық зертханасының жетекшісі Генри Холден (Henry Houlden) және осы оқу орнының докторанты Рауан Қайыржанов өңірге облыстық денсаулық сақтау басқармасының шақыртуымен келген.
Жас ғалым бірнеше жылдан бері Англияда оқып, жұмыс істейді екен.
Медицина ғылымдарының магистрі, невролог, қозғалыс бұзылулары бойынша үздік маман Лондон неврология және нейрохирургия ұлттық госпиталінде қызмет атқарады.
Білікті дәрігерлер тұқым қуалаушылық патологиясы мен қозғалу бұзылуынан зардап шегетін балалар мен ересектерді қабылдауда.
Олар үш күн ішінде осы кеселдің ең ауыр түріне шалдыққан 100-ге жуық науқасқа көмек көрсетеді.
Одан бөлек, Ұлыбританиядан арнайы келген нейрогенетиктер «Нейрогенетика және паркенсонизм» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өткізіп жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, жақын арада генетикалық аурудан, тұқым қуалайтын қозғалу патологиясынан толық ем алу мүмкіндігі пайда болады.
Олардың мәліметтеріне сәйкес, жыл сайын тұқым қуалайтын аурулардың саны артып келеді екен.