Төтенше жағдай: Қазақстанда жалақы азайып, «премия» төленбеуі мүмкін бе

788
Қашықтан істейтін қызметкерлер жалақысын толық көлемде алады. Егер олар жақсы нәтиже көрсетсе, сыйақы төленуі тиіс. Бұл туралы әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Журналистер министрден «салықтың аз түсуіне және мемлекеттік бюджет шығыстарының ұлғаюына байланысты жалақы қысқарып, сыйақы төленбеуі мүмкін бе?» деп сұрады. Еуропаның бірқатар елі осындай тәжірибеге көшкен.
«Қазір сыйақыны алып тастау туралы сөз қозғауымыз керек деп ойламаймын. Егер мемлекеттік қызметкерлерге келсек, қазір үйден істеп жатқан адамдардың 70 проценті жалақысын толық көлемде алады. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, сыйақы төленуі керек. Өйткені ол мемлекеттік қызметкерлерді өз жұмысын уақытында және сапалы орындауға ынталандыруы тиіс», — дейді Бекетаев астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Ол мемлекеттік бюджетке түсетін салық төмендеп, кіріс азайған жағдайда белгілі бір секвестр (бюджеттің шығыстарын қысқарту немесе шектеу) жасалатынын айтты.
«Ең алдымен, мен мынаны айтқым келеді. Әзірге қаржы министрлігі бюджетке кіріс едәуір азаятынын болжап отырған жоқ. Бұған дейін менің әріптестерім айтып кеткендей, қаржы резерві жеткілікті. Мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік қызметкерлер өздеріне жүктелген міндетті орындайтынына сенімдіміз», — деді ведомство басшысы.