Түркістан облысында 30-ға жуық тұрғынды алдаған алаяқ ұсталды

1297
Тергеу барысында анықталғандай, ол тұрғындардың сеніміне кіру арқылы осындай істермен айналысып, қайтарымсыз көмек алып беремін деп алдап келген.
Түркістан облысының полицейлері 30-ға жуық тұрғынды алдап, ақшасын жымқырған алаяқты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
 Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданады. Бойжеткеннің айтуынша, бейтаныс біреу сеніміне кіріп, алдап, «торға» түсірген. Яғни, мемлекеттік бағдарлама арқылы жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 1 миллион теңге шығарып беремін деген алаяққа 100 000 теңгесін беріп, алданып қалған.
 Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне осыған ұқсас қылмыстың құрбаны болған тағы бір тұрғын арызданады. Қайтарымсыз 750 000 теңге шығарып беремін деген алаяққа 80 000 теңгесін беріп, алаяққа алданған. Осы жайттар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді.
Сарыағаш ауданының полицейлері тұрғындарды алдап, ақшаларын алып кеткен алаяқты қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Жәбірленушілерден жауап алу барысында, күдіктінің жеке-басын анықтады. Нәтижесінде ақпарат көздері арқылы полицейлер күдіктіні Сарыағаш ауданындағы өз үйінен ұстады. Тергеу барысында анықталғандай, ол тұрғындардың сеніміне кіру арқылы осындай істермен айналысып, қайтарымсыз көмек алып беремін деп алдап келген.
 Қазірдің өзінде осы қылмыстық іс бойынша 30-ға жуық жәбірленушілер аталмыш адамның атына арыз беріп жатыр. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 2,5 миллион теңгеге жуықтаған. Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатысы барын анықтап жатыр. Күдікті қамауға алынды.
 Қазіргі таңда жоғарыда аталған қылмыстардың барлығын бір адам жасағандықтан, қылмыстық істер біріктіріліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға сенім білдіртпей, қашанда сақтық шараларын қамтамасыз етіңіздер деп ескертеді. Өзіңізге таныс емес белгісіз адамға ақшаларыңызды бермеңіздер, өзіңізге ғана қатысты банкомат карточкаларыңыздың құпия сөздерін айтпаңыздар деп кеңес береді.