Түркістан облысында алимент төлегісі келмейтін әкелер саны 4 мыңнан асқан

1053
Түркістан облысында алимент төлегісі келмейтін әкелер қатары көбейіп барады. Соның салдарынан осындай қарыздарды өндіру әділет қызметкерлеріне қиынға соғуда. Бұл мәселелер облыстық Әділет департаментінің алқалы отырысында қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиын барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар қортындыланып, шешімін табуы тиіс мәселелер сөз болды. Мәселен, 2018-ші жылы мемлекеттік және жеке сот орындаушыларында 146 548 атқару өндірісі орындауда болған. Нәтижесінде аяқталған істердің үлесі 74 пайыздан асқан. Десек те департамент басшылығы алимент өндіру ісінде әлі де жұмыс жүргізу керектігін атап өтті.
«Бүгінде орындалмай жатқан 4256 алимент төлеушіден ақшалар өнідірлмей келеді. Ендігі кезекте алимент өндіру көрсеткішін 2 мыңға дейін түсіру жоспарда бар»,- дейді Түркістан облыстық Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев.
Сондай-ақ жиында өңірдегі мемлекеттік сот орындаушылардың біразын жеке сот орындаушыларға ауыстыру бойынша жоспар жасалғаны айтылды. Бүгінде осы бағытта нақты жұмыстар басталып кеткен. Алқалы жиында бұдан өзге кадр мәселесіне қатысты тәртіп жайы талқыланды. Әсіресе сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп Кодексінің талаптарын сақтау керектігі қатаң ескертілді.
Жиын соңында бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай жетілдіру жөнінде шешімдер қабылданды.