Түркістан облысында биыл 311 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылады

888
Түркістан облысында биыл 311 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылады.  Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаевтың төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібінде 3 мәселе талқыланды. Бірінші мәселе бойынша облыстық Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықованың баяндамасы тыңдалды.
Ол жазғы демалыс кезінде оқушылардың қауіпсіздігін сақтау, бос уақытын тиімді өткізу және қиын топтағы балалар үшін ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл облыстағы 23 сауықтыру лагерінде 8 ауысымда 33 мың бала қабылданады. Ал республикалық лагерьлерде өңірден 1 100 бала демалмақ. Облыстағы 902 мектеп жанындағы лагерьде де оқушылар тынығады. Жалпы 1-10 сынып аралығындағы 443 661 оқушының 311 мыңын, яғни 70 пайызын мектеп жанындағы және қала сыртындағы сауықтыру орындарымен қамту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, оқушылардың түрлі үйірмелерге, мәдени іс-шараларға, спорт секцияларына қатысуларына жағдай жасалады.
Мәжілісте облыстық Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Марат Сәдібек жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қолдау көрсету іс-шаралары жөнінде айтып берді. Ал  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов кәсіптік лицей мен колледж түлектерін жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау, кәсіби оқуға жіберу шаралары туралы баяндады.
Балалар тәрбиесіне, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсетілу керектігін айтқан Мәлік Отарбаев осы салада кемшілік жіберген бірқатар жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
«Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу. Бұл сала облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қадағалауында тұр. Сондықтан кәмелетке толмағандар жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары қайта қаралып, бекітілсін. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді өткізу бағытында жұмыстар жүргізілсін» деген ол сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.
Енді өңірде БАҚ пен интернет-кеңістікте зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қарсы ақпараттық науқан өткізіліп, қала, аудандардағы балаларды тасымалдайтын көліктердің қауіпсіз-техникалық ерекшеліктеріне талдау жүргізіледі. Сонымен қатар, сауықтыру лагерьлерінің, аула клубтарының, өзге де мектептен тыс мекемелердің желісін арттыру, үйірмелерге қатысушылардың санын көбейту бағытында жұмыс күшеймек. Ойын алаңдары мен аттракциондарына мониторинг жасалады. Сондай-ақ балаларды жүзуге үйретуге және бассейндерді көбейтуге серпін беретін «Қауіпсіз су» жазғы акциясын өткізу жоспарланып отыр.