Түркістан облысында құны 2,5 трлн теңге болатын 115 жоба жүзеге асырылады

1487

Түркістан облысында алдағы екі жыл көлемінде 2,5 трлн теңге болатын 115 жоба жүзеге асырылады. Бұл — туризм, құрылыс, өңдеуші өнеркәсіп, баламалы энергия және жасыл экономика саласындағы жобалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде сонымен қатар соңғы 2 жылда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны 15 мыңға артып, 141 мыңға жеткен.

2020 жылы облыс кәсіпкерлері құны 554 млрд теңгенің өнімін өндірген.

Биыл бұл көрсеткшіті 900 млрд теңгеге жеткіземіз деп отыр. Мәселен, облыс орталығы болғалы бері Түркістан қаласында құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес.

Киелі шаһарда «мәдени-рухани» және «әкімшілік іскерлік оралығы» болып, екі бағытта дамып келеді.

Кезінде Елбасы өзі қазығын қағып, жоспарын сызып берген осы екі орталықтағы нысандардың барлығы қазір аяқталып, пайдалануға берілді.

Одан бөлек, мұнда тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді.

2019 жылы шаһарда 150 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылса, ал биыл 390 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, жаңа жобалар да жүзеге асырылып жатыр.

«Жаңа жобалар басталып, 20 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 18 қабатты бизнес орталығы және каскатты 16 үйдің құрлысы басталды. Жеке салушылар есебінен 5 қабатты үйлер, СПК арқылы да құрылыс жүргізіліп жатыр. Биылғы жылға облыс көлемінде 790 мың шаршы метр тұрғын үй алаңына тапсрыуымыз керек», — деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпалиев.

Түркістан облысы құрылған екі жарым жылдың ішінде өңірге 3,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 27 есе көп.

Жеке инвесторлардың қаржысы есебінен Түркістан қаласында бірнеше жобалар іске асырылды. Жуырда ғана жаңадан салынған халықаралық әуежай іске қосылды.

Hazret Sultan Airport-ынан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына әуе рейстері ұшуда.

Еліміздің өзге қалаларына, шет елдерге, соның ішінде Түркияның Ыстамбұл қаласына әуе рейстері ашылды.

Халықаралық әуежай сағатына 450 жолаушыны қабылдап, жылына 3 млн жолаушыға қызмет көрсете алады.

Әуежайдың ұшу-қону жолағының параметрі барлық әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бірінші бой көтерген заманауи әуежайға авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда ИКАО мен ИАТА-ның кодтары берілген.

Жаңа әуежай түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан қаласын әлемнің ірі қалаларымен жалғастыратын байланыс желісіне айналмақ.

Облыс орталығында бүгінде сондай-ақ, бес жұлдызды қонақ үйлер де бой көтеруде.

Соның бірі ретінде Hilton қонақүйінің алғашқы желісі Hampton by Hilton Turkistan қонақүйінің ресми ашылуын айтуға болады.

«Бұл ең алдымен стратегиялық маңызды салаға үлкен үлес. Туризмді дамыта отырып, Түркістанға келген қонақтар халықаралық деңгейдегі қызметті қолжетімді бағамен пайдалана алады. Сонымен қатар, қонақүй Түркістанның мәдени-рухани орталығына үйлесімді», — деді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.

Қонақүй Түркістанның мәдени-рухани орталығында орналасқан. Ясауи кесенесі жақын, Ұлы Дала орталығы мен Visit Centre Turkistan маңайында орналасқан.

Сыртқы беті көне ғасырдың ғимараттарын еске түсіретін Марокко стиліндегі ескі қам кірпіштен соғылған. Орта ғасыр мен қазіргі дәстүрлерді сәтті үйлестіре отырып, қаланың стилін толықтыра түскен.

Бір жылдың ішінде бой көтерген қонақүйдің жалпы алаңы Top Tobe жеке банкет кешенін қосқанда 9000 шаршы метрді құрайды.

Стандартты санаттағы 120 нөмір бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы жасақталған бөлмелер қарастырылған.

Ал, Hilton – құрамына әртүрлі санаттағы 17 қонақүй бренді кіретін дүние жүзіне әйгілі қонақүйлер желісі саналады.

Енді бірер күнде Түркістанда тағы Орта Азиядағы теңдесі жоқ жоба – Керуен сарай кешені пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Жалпы облыс құрылғалы бері өңірде 100-ден аса инвест жоба іске асырылған.

«Өткен жылы Елбасымыз үлкен жобаны атап өтті, ол Түркістан-Шымкент- Ташкент бағытында жүрдек пойызының құрылысын биыл бастағалы отырмыз. Бұл жоба экономикалық тұрғыдан да, туристік бауырлас екі елге де пайдасы көп жоба деп санаймыз. Себебі 7 млн турист Өзбекстаннан келеді. Қазақстанға немесе Өзбекстанға келген қонақ екі елге де оңай жетуге мүмкіндік болады. 1 сағат 45 минутта Түркістаннан Ташкентке жетуге мүмкіншілік болады»,- деді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

Бұдан бөлек, аймақта 10 жоба іске қосылып, 6 жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, облыста ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған. Өңірде 1 мың гектарға жаңбырлатып суғару жүйесі енгізілді.

Мұнда мал азық дақылдары өсіріледі. Өнім жоба шеңберінде австралиялық технологиямен салынып жатқан 10 мың басқа арналған бордақылау алаңына жеткізілетін болады.

«Австралиялық технологияның тиімділігі – осында бордақыланып отырған малдар тәулігіне кемі 1-2 кг салмақ қосады. Өйткені жем малға пісіріліп беріледі. 3-ші жобамыз 50 гектарға жылыжай кешенін салу жобасын бастап кеттік. Қазір қаржыландыруға құжаттарын дайындап жатыр»,- дейді облыстық ауылшаруашылығы ьбасқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Айта кетейік, Түркістан облысының шаруалары өткен жылы 730 млрд теңге болатын 2,5 млн тонна өнім өндірді.

Сөйтіп республикада 2-орынға шықты. Жиналған өнімнің 105 млн АҚШ доллары болатын, 1 млн тоннасын экспортқа жөнелтті.

Сондай-ақ республика бойынша ет экспортының 75 пайызы да осы өңірге тиесілі. Өткен жылы өңір кәсіпкерлері 5 мың тонна етті шетелге шығарды.

Жалпы Түркістан облысында 143 мың басқа лайықталған бордақылау алаңдары жұмыс істейді.

Автор Айнұр Ақбаева