Түркістан облысының Ордабасы ауданына жаңа әкім тағайындалды

1101
Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданына жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен бұл қызметті Жолдыбай Қайрат Жолдыбайұлы атқаратын болды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында бірінші басшыны аудан активіне таныстырған аймақ басшысы Ордабасыда алдағы уақытта атқарылар істің көптігіне тоқталып, бірқатар мәселелер оң шешімін табатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Қайрат Жолдыбайұлы 1981 жылы Шардара қаласында өмірге келген. 2003 жылы С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясындағы оқуы кезінде АҚШ-тағы Джорджия университетінде (University of Georgia) білім алған.

Түркістан облысының Ордабасы ауданына жаңа әкім тағайындалды

Еңбек жолын 2003 жылы Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаментінде жетекші маман болып бастаған. 2005-2008 жылдары Қаржы министрлігінің бас маманы, бөлім бастығы лауазымдарында,  2008 жылдан бастап 2016 жылға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппаратында жұмыс істеп келді. 2016 жылдан бастап Шардара ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.