ТҮРКІСТАНДА ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ АРНАЛҒАН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

1638
Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен және өңір ардагерлерімен бас қосып, соңғы кездері қоғамда орын алған келеңсіз оқиғаларды келешекте алдын алуға бір кісідей атсалысып, көмек қолын созуға шақырды. Жиынға облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, жазушы Мархабат Байғұт сынды ел ағалары бастаған игі жақсылар қатысты.
Аймақ басшысы, ең алдымен, Түркістан облысында өткен жылы атқарылған оңды істерге тоқталып өтті. Түркістанның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қатысты әрбір саладағы жетістіктерді жіктеген әкім соңғы уақытта БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде шу тудырған жастар арасындағы әлімжеттік, бала тәрбиесіне қатысты алаңдаушылығын білдірді.
«Қаймағы бұзылмаған, ұлттық салт-дәстүрімен барша Қазақстанға үлгі болған облысымызда соңғы уақыттарда зорлық-зомбылық пен қылмыстың жасарып бара жатқаны біздің өңіріміз үшін үлкен сын болып отыр. Осындайда Ұлы жазушы М.Әуезовтың «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген сөзі еріксіз еске түседі. Бала тәрбиесі болашақтың негізін қалау екені белгілі. Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Міне, менің бүгін Сіздерді жинаған себебіміз де осы. Осындай жағдайларды барлығымыз жұмыла қолға алып, дер кезінде ауыздық салу баршамыздың ортақ азаматтық борышымыз. Сіздер өз ауылдарыңызда осындай жағдайларды болдырмау мақсатында бірігіп, жастарға ақыл айтып, тоқтау салып отырсаңыздар», – деді Ж.Түймебаев.
Өз кезегінде, жиында сөз алған облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Ө.Мелдеханов балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне тікелей ата-аналары атсалысып, олардың бос уақытында немен айналысатынын жіті бақылау керектігін айтты. Сонымен бірге, ол БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділерінің жаманшылықты шақырып, қоғамда орын алып жатқан аздаған келеңсіздіктерді жарыса жазбай, керісінше, өңіріміздің жеткен жетістіктерін молынан насихаттау арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге болатынын жеткізді. Ал, Түркістан облыстық ақсақалдар  алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенұлы жағымсыз жайттардың алдын алу мақсатында ата-аналарға өз жауапкершіліктерін түсіндіріп жүргендерін хабарлады. Ақсақалдар алқасының жетекшісі Түркістанды тәртіпті әрі таза қалаға айналдыруда бұл жұмыстарды одан әрі қолға алатынына уәде етсе, жазушы М.Байғұт өңіріміздің әрбір тұрғыны «Мен Түркістан үшін не беремін, қандай үлес қосамын?» деген ниетпен еңбек етіп, бірлік пен ынтымақты бірінші орынға қоюы тиіс деген ойын білдірді.
Қоғамдық кеңес отырысына келіп, облыс әкімінің сөзін бірауыздан қолдап, көмектесуге дайын аға буын өкілдеріне алғысын білдірген Жансейіт Қансейітұлы бұл ретте, тек ақсақалдар жағы ғана емес, Түркістан облысындағы барлық қоғамдық ұйымдар, алқалар бір-бір бастама көтеріп, елді ұйыстыруда біріге жұмыс істеуі қажеттігін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі