Түркістанда жер телімдерін алудағы сот тәжірибесін қалыптастыру жайы талқыланды

238
Түркістан облыстық сотының оқу орталығында жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу санатындағы істер бойынша біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру мақсатында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқосуға облыстық және Түркістан қалалық соттарының судьялары, прокуратура мен әкімдіктің, жер қатынастары мен жер қатынастарын бақылау, сәулет және қала құрылысы мен сәулет және қала құрылысын бақылау басқармаларының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында облыстық соттың Азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов, бүгінгі таңда Түркістан қаласының мәртебесі өзгеруіне байланысты жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Түркістан қалалық сотына осы санаттағы түскен істердің саны бірнеше есе көбейгенін жеткізді.
Ал, Түркістан облыстық сотының судьясы Аят Алшынбаев пен Түркістан қалалық сотының судьялары Дина Бейсенбекова мен Қымбат Шыңғысбаева сотқа соңғы кезде түсіп жатқан жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алуға байланысты талап арыздар түсіп жатқанын айтып өтті. Ондағы  кейбір талап арыздарға қоса тіркелетін құжаттардың толық болмауына байланысты, істерді заңмен белгіленген мерзімде қарау қиындық тудырып отырғанына тоқталды. Жиынға қатысып отырған басқармалар өкілдері өз тараптарынан орын алып жатқан кешіліктердің себептерін түсіндірді. Пікір алмасу барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр басқарма өкілдеріне алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау туралы ескертті. Жиынға қатысушыларды Түркістан қаласының болашақта даму жоспарымен таныстырып, осы санаттағы істердің әлі де көп болу мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салып, алдағы уақытта өзара тығыз байланыста жұмыс атқаруға келісті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз